«Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауын өткізу туралы ереже

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

  1. Осы Ереже 2021 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының үздік бастауыш кәсіподақ ұйымын анықтауға арналған республикалық байқауын (бұдан әрі – байқау, Кәсіподақтар федерациясы) ұйымдастыру және өткізу шарттарын анықтайды.
  2. Байқау келесі мақсатта өткізіледі:

– кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін өзектендіру;

– жарғылық мақсаттар мен міндеттерді орындаудағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысының тиімділігін арттыру;

– бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ең білікті және белсенді төрағаларының арасынан алдағы уақытта кәсіподақтың сайланбалы қызметіне ұсыну үшін кадрлар қорын қалыптастыру;

– еңбек ұжымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мәртебесін нығайту;

– кәсіподақ бірлігі мен кәсіподақ мүшелерінің ынтымақтастығын дамыту;

– кәсіподақ жұмысындағы озық тәжірибелерді насихаттау.

  1. Байқауға Кәсіподақтар федерациясының мүше ұйымдарының бастауыш кәсіподақ ұйымдары қатысады.
  2. Байқауды ұйымдастыруды салалық кәсіподақтар мен Кәсіподақтар федерациясының тиісті байқау комиссиялары жүзеге асырады.
  3. Байқау Кәсіподақтар федерациясы мен мүше ұйымдардың 2021 жылы бастауыш кәсіподақ ұйымы жылын мерекелеу бойынша іс-шараларының құрамдас бөлігі болып табылады.

 

БАЙҚАУДЫ ӨТКІЗУ ШАРТТАРЫ МЕН МЕРЗІМІ

  1. Байқау кезең-кезеңмен өткізіледі:

6.1. Бірінші кезең байқау ресми жарияланған сәттен бастап (10 қаңтардан кешіктірмей) басталады және 2021 жылғы 31 наурызға дейін келесі тәртіп бойынша өткізіледі:

– бастауыш кәсіподақ ұйымдарының байқауға қатысуға өтінімдер беруі;

– байқауға қатысушы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тиісті салалық кәсіподаққа өз жұмысы туралы ресми анықтаманы көрсетуі.

6.2. Екінші кезең 2021 жылғы 1 сәуір мен 15 қыркүйек аралығында келесі тәртіп бойынша өткізіледі:

– салалық байқау комиссияларының байқауға қатысушы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын зерделеу мақсатында осы ұйымдарға баруы;

– салалық деңгейдегі байқауды қорытындылау және жеңімпаздарды марапаттау.

6.3. Үшінші кезең 2021 жылғы 15 қыркүйек пен 1 қазан аралығында келесі тәртіп бойынша өткізіледі:

– салалық деңгейдегі байқаулардың нәтижелері туралы материалдарды республикалық байқау комиссиясына ұсыну;

– республикалық байқаудың қорытындысын шығару.

 

БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН БАҒАЛАУ

  1. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін бағалау келесі жұмыс бағыттары бойынша жүзеге асырылады:

7.1. соңғы үш жылда жұмысшыларды немесе білім алушыларды  кәсіподақ мүшелігіне қамту, кәсіподақ мүшелерінің тіркелу жағдайы;

7.2. жоғары кәсіподақ органдарының шешімдерін жүзеге асыру;

7.3. әлеуметтік әріптестік тәжірибесі (ұжымдық шарттың болуы және жүзеге асырылуы, ұйымның ұжымдық шартында бекітілген қосымша әлеуметтік кепілдіктер деңгейі, оның орындалуын бақылау, ұжымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге қатысу және т.б.);

7.4. еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, құқықтық көмек көрсету, ұйымда келісу комиссиясының болуы және қызмет етуі;

7.5. еңбекті қорғау заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды ұйымдастыру (өндірістік кеңес құру, техникалық инспекторлардың жұмысы, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды жақсарту, өндірістік жарақат деңгейін төмендету жөніндегі шараларды жүзеге асыру және т.б.);

7.6. мәдени-бұқаралық, спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын өткізу, шипажайлық-курорттық емдеу және кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасыларын сауықтыру бойынша жұмыс, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру;

7.7. ақпараттық жұмыс (ақпараттық стендтердің, сайттың (жоғары  кәсіподақ ұйымының, әлеуметтік әріптестің сайтында беттердің) болуы және мазмұны, әлеуметтік желілердегі аккаунт, бюллетеньдер, өздерінің қызметі туралы ақпарат бар бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, «Қазақстан Кәсіподағы» газетіне жазылу және т.б.);

7.8. жастармен жұмыс жүйесінің болуы, сайланбалы кәсіподақ органдарындағы жастар өкілдігі, тәлімгерлікті ұйымдастыру;

7.9. кәсіподақтың қаржылық саясатын жүзеге асыру жұмысы, тексеру комиссиясының жұмысы, мүшелік жарналарды толық және уақтылы төлеу, кәсіподақ бюджетінің стандартын жоспарлау және орындау;

7.10. кәсіподақтың мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға бағытталған іс-шараларды өткізу жүйелілігі, қарастырылатын мәселелердің өзектілігі, қабылданған шешімдердің тиімділігі, кәсіподақ комитетінің жұмысын ұйымдастыру;

7.11. бекітілген істер номенклатурасына сәйкес іс жүргізу жағдайы;

7.12. кадр жұмысы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасына кадр резервінің болуы, кәсіподақ активтерін оқыту бойынша жұмыс;

7.13. соғыс және еңбек ардагерлерімен – кәсіподақ мүшелерімен жұмыс;

7.14. инновациялық идеялар және оларды жүзеге асыру.

  1. Осы Ереженің 7-тармағында көрсетілген жұмыс бағыттары бойынша көрсеткіштер Кәсіподақтар федерациясының басқарушы органдарының, тиісті салалық кәсіподақтардың шешімдеріне сәйкес анықталады.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдары қызметінің барлық бағыттары құжатпен расталуы тиіс.

Жалған ақпарат ұсынған жағдайда бастауыш кәсіподақ ұйымдары байқауға қатысудан шеттетіледі.

  1. Байқау кезеңінде ұйымда адамдардың өліміне әкеп соққан жазатайым оқиға болса, және де ұжымдық шарттар жоқ бастауыш кәсіподақ ұйымдарына байқауға қатысуға жол берілмейді.

 

БАЙҚАУДЫ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ

  1. Байқау өткізу үшін салалық кәсіподақтардың басқарушы органдарының шешімдері бойынша байқау комиссиялары құрылады.
  2. Байқаудың бірінші кезеңіне қатысу үшін бастауыш кәсіподақ ұйымдары салалық кәсіподақтарға 2021 жылғы 30 наурызға дейін келесі құжаттарды ұсынады:

– байқауға қатысуға өтінім;

– осы Ереженің 7-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы толық ақпарат бар ресми анықтама;

– ұжымдық шарт;

– 2021 жылға арналған жұмыс жоспары;

– бір мәдени-бұқаралық іс-шараның сценарийі;

– жалпы жиналыс пен кәсіподақ комитетінің отырысының бір-бір хаттамасы;

– бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен тиімділігін арттыру туралы эссе;

– бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының өзін-өзі таныстыруы (көшбасшының автопортреті – өзі туралы әңгіме, өзінің көшбасшылық қасиеттерінің жалпы сипаттамасы, кәсіподақ көшбасшысы ретіндегі жетістіктерін көрсету, өзінің көшбасшылық қасиеттерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына ықпалы).

Бастауыш кәсіподақ ұйымына сәйкес келетін жұмыс деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік беретін басқа құжаттар мен материалдар (фото және видео материалдар, жарияланымдар, әдістемелік әзірлемелер және т.б.) ұсынылуы мүмкін.

  1. 2021 жылғы 1 сәуір мен 15 тамыз аралығында байқау комиссиялары салалық кәсіподақтардың басқарушы органдарының шешімдерімен бекітілген кестелер бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарына барады, осы Ереженің 7-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша олардың қызметін зерттейді және байқау жеңімпаздарын анықтау үшін ұсыныстар дайындайды.
  2. Байқау нәтижелері байқау комиссияларының ұсыныстары бойынша салалық кәсіподақтардың басқарушы органдарының шешімдерімен бекітіледі.
  3. Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатты жағдайда өткізіледі.

14.1. Байқауда 1-3 орын алған бастауыш кәсіподақ ұйымдары салалық кәсіподақтардың дипломдарымен және салалық кәсіподақтар есебінен ақшалай түрде сыйлықтармен марапатталады.

  1. Гран-при иегерлері – бастауыш кәсіподақ ұйымдары Кәсіподақтар федерациясының дипломымен марапатталады.

15.1. Байқау жеңімпаздары «ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2021 жылғы үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» атағын иеленеді және Кәсіподақтар федерациясының Құрмет дипломымен марапатталады, байқауды өткізуге арналған шығындар сметасына сәйкес қаржылай марапатталады.

Осы ретте бастауыш кәсіподақ ұйымы байқауда жеңіске жеткені үшін сыйақы мөлшерінің 70%-ын өзінің қызметін жарғылық мақсаттарға сәйкес жүзеге асыру үшін пайдаланады (кәсіподақ іс-шараларын өткізу, БКҰ бұрышын, кеңсесін жабдықтау, кеңсе жабдықтарын сатып алу және т.б.). Сыйақының 30% көлемінде қалған мөлшері тікелей бастауыш кәсіподақ ұйымының басшылығына беріледі.

  1. Республикалық байқаудың жалпы қорытындысы Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің шешімімен бекітіледі.
  2. Республикалық байқау жеңімпаздарын марапаттау Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумында өтеді (2021 жылғы 8-10 қазан).
  3. Байқаудың нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында және Кәсіподақтар федерациясының ресми сайтында жарияланады.