ҚР Президенттігіне үміткер А.Таспиховтың Қызылорда сайлауалды өңірлік штабы құрылды

Бүгін, 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың сайлауалды Қызылорда өңірлік штабы жұмысын бастады.

Штабтың бүгінгі отырысында штаб төрағасы Серік Сермағамбетов Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховты кандидат ретінде тіркегендігін жеткізді. Сонымен қатар, штаб отырысында кандидатты сайлауалды қолдау іс-шаралары жоспары жобасы талқыланды.

Қызылорда өңірлік штабтың құрамы салалық және аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өкілдерімен 10 адамнан жасақталды. Бүгінгі таңға Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың сенімді өкілдері ретінде Қызылорда облысынан 137 адам тіркелді, олардың негізгі құрамында кәсіподақ ұйымдар төрағалары, кәсіподақ белсенділері бар.