19 маусым күні Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы мен Маңғыстау облысының Кәсіподақтар Орталығының ұйымдастыруымен, Ақтау қаласының №2 сотының оқу орталығында «Еңбек дауларын шешу барысындағы өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Кеңеске Маңғыстау облысының салалық құрылымдарының өкілдері қатынасты. Күн тәртібінде еңбек қатынастарын реттеудің тиімді механизмін қалыптастыру, жұмыскерлердң еңбек саласындағы құқықтарын қамтамасыз ету, олардың біліктілігін арттыру, тараптар арасындағы ымыраластыққа қол жеткізу сияқты мәселелердің шешу жолдары айтылды.
Отырыста Маңғыстау облыстық сотының судьясы, оқу орталығының координаторы, Бахытжанова Гүлажар Қоянбайқызы дөңгелек үстел модераторы болып, «Еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі шаралар туралы» мәселесі бойынша бірқатар құқықтық-еңбек жағдайларын көтерді.
Жиын барысында облыстық Кәсіподақтар Орталығының төрағасы, Жаулин Киікбай Мыңбайұлы, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын қарастырып, келісу комиссиясында өтінішті қарауда құқықтық заңдылықтарды сақтау мәселесі айтылды. Ең алдымен ол әлеуметтік әріптестік бойынша облыстық үшжақты комиссиялар жұмысын тұрақты түрде жүзеге асыру мен ұжымдық келісім-шартқа мән берілу керектігін атап өтті.
«Қазіргі қолданыстағы ҚР Еңбек кодексінің аясы, еңбек қатынастарынан туындайтын дауларды да реттеуге қолданылады және тараптардың өзара келісуі арқылы реттеумен, ол нәтиже бермеген жағдайда сот тәртібімен қаралады », – деді өз баяндамасында, Ақтау қаласының №2 сотының судьясы, Рыскалиева Канзиба Жакибаевна.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары, Дюсенов Чингиз Бахытжанович, өз сөзінде өндірістік жарақатты азайту мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру маңыздылығын айта кетіп, өндірістік жарақаттанушылық мөлшерінің біршама төмендегеніне қарамастан, еңбекті қорғау саласындағы жағдай күрделі болып отырғандығын мәлімдеді.
Жиналыс соңында жергілікті кәсіподақ төрағалары мен мекеме басшылары дөңгелек үстелге қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ұсынып, жауаптарын алды. Мәжіліс қорытындысы бойынша қарар қабылданды.