«Жас келсе – іске!» атты жас мемлекеттік қызметшілердің республикалық форумы өтуде

21-23 маусым күндері Ақмола облысы, Бурабай ауданы, “Щучинский” шипажайында «Жас келсе – іске!» атты жас мемлекеттік қызметшілердің тұңғыш республикалық форумы өтіп жатыр.

Мемлекеттік қызметкерлер күні, Жастар жылы және Халықаралық Еңбек Ұйымының 100 жылдығына арналған іс-шараны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырып отыр.

Форум жұмысына орталық және жергілікті атқарушы органдардың жас мемлекеттік қызметшілері, сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар федерациясының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Ақмола облысы әкімдігінің басшылары, барлығы 200-ге жуық адам қатысуда.

Форумның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыруға, өңірлердің озық тәжірибесімен алмасуға, жаңа идеяларды қалыптастыруға, талантты жастардың мүмкіндіктерін ашуға және қызметшілерді ынталандыруға, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов өз сөзінде: «Қазіргі таңда еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналған Кәсіподақтар федерациясы мүшелерінің қатары екі миллионнан асты. Соның ішінде 32 пайыздан астамын – жастар құрайды. Сіздерді де осы ұйымның аясына топтасуға шақырамын. Кәсіподақтар федерациясы жанынан барлық аймақта құрылған «Келешек» жастар кеңесінің жетекшілері кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту бағытында идеялар мен жобалар ұсынып, игі іс-шараларды белсенділікпен жүзеге асыруда.

Биылғы жылдан бастап Кәсіподақтар федерациясы «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, мемлекетттің тарапынан жасалып жатқан қолдауға қосымша ауылдық жердегі жас мамандарды қолдау мақсатында жалпы көлемі 500 000 теңгелік Сертификатын бере бастады. Жыл аяғына дейін жалпы көлемі 40 млн. теңгені құрайтын 80 сертификат табысталады. Сонымен қатар, кәсіподақ қаражаты есебінен жастарға тұрғын үй

сатып алу кезінде бастапқы жарнаны төлеу үшін 33 жас дәрігер маманға тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл ауылдық жерде жұмыс істеймін деген жастарға нақты көмек деп есептейміз», – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова: «Қазір елімізде халықтың әл-аухатын әрі қарай арттыруға, барлық әлеуметтік мәселелерді шешуге, соның ішінде мемлекеттік қызметті дамыту және мәртебесін жоғарылатуға басымдық беріліп отыр. Өйткені, қазақстандықтар мемлекеттік биліктің туралы көзқарасын сіздердің елге деген абыройлы қызметтеріңізге қарап бағалайды», – деп айтты.

Бүгінгі форум аясында “Үздік мемлекеттік қызметші” байқауының жеңімпаздары мен “Кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін” белсенді қызметшілер марапатталды.

Форумның панельдік алаңдарында басшылар мен атқарушы лауазымдарға арналған тренингтер ұйымдастырылған. Мұнда жастар өзгерістерді тиімді басқару, сондай-ақ еңбек дауларын шешу және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау дағдыларын алады.