«Еңбек шартын жасаңыз» республикалық акциясы аясында жұмыстар жүргізілуде

25 маусым күні БҚО Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Б.Атауов пен БҚО еңбек инспекциясы басшысының орынбасары А.Туйгинбетов «Еңбек шартын жасаңыз» Республикалық акциясы аясында Орал қаласының аумағындағы ірі құрылыс орындарында болып, ондағы мердігерлермен, қосалқы мердігерлермен және жұмысшылармен кездесті.

Кездесудің мақсаты – еңбек қатынастарын формализациялау және бейресми еңбек қатынастарында тұрған азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне тарту, сонымен қатар халықтың жұмыспен бейресми түрде қамтылу фактілерін болдырмау үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Кездесу барысында Б.Атауов құрылыс мекемесінің жұмысшыларына еңбек шартын жасаудың және әр жұмысшының өз құқықтарын білудің маңыздылығы, еңбек адамының жан-жақты қорғалуының басты құжаты еңбек шарты екені туралы айтып өтті. Сонымен бірге, жұмысшыларға республикалық акция аясында дайындалған жаднамалар таратылды. Акция шеңберіндегі жұмыстар жалғасуда.