25 маусымда эвакуациялық бекетке 204 зардап шеккен тұрғындар тіркеліп, 124 (72 ересек, 52 бала) адам тұрақты орналастырылды. Қалған 80 азамат Кәсіподақ ғимаратына жақын орналасқан тұрғын үйлерге орналастырылып, керекті азық-түлік пен керек-жарақтар тізімі әзірленіп, көмек беру әрекеттері күшіне енді. Кәсіподақ ғимаратында орналасқан асхана 4 мезгіл эвакуацияланған халыққа қызмет етуде. Зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті көмек көрсетілді, яғни ең бірінші кезекте қажет гигиеналық заттар, консервілер, ұзақ сақталатын тағамдар, көрпелер және ыстық тағам. Бұдан бөлек, ерлер, әйелдер және жас балалардың барлығы аяқ киім, жейде, халат, сырт киім, іш киім, жаздық шалбарлармен қамтамасыз етілді.
Кәсіподақ орталығында зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетілетін медициналық пункт ашылып, зардап шеккен азаматтарға тиісті жәрдем көрсетіліп, керекті дәрі дәрмектермен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, психологиялық көмек көрсетілетін бөлме ашылып, азаматтарға рұхани және физикалық көмек көрсетілуде.
Сонымен қатар, Келешек жастар кеңесінің белсенді мүшелеріде Арыс тұрғындарына қол ұшын созды. Белсенді жастар эвакуациялық жиналу пунктерінде азаматтарды тіркеу және оларды орналастыру бойынша жұмыс жүргізіп, жоғалған балдарын іздеуде және олардың орналасуына жағдай жасауда үлкен еңбек атқарды. Сондай-ақ, қан тапсыруда да атсалысты.
Айта кетерлік жағдай, бүгін Шымкент қаласының қуыршақтар театры балдарға арнап Григорий Ландаудың “Ку-ка-ре-ку” атты қойылымын ұсынды. Қойылым соңында, театр актерлары және салалық кәсіподақ мүшелері балдарға сыйлық беріп, көңілдерін аулады.
Қазіргі таңда, Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы гуманитарлық көмек жинауды бастап кетті, яғни Шымкент қаласы, Қазыбек би 49 көшесінде орналасқан кәсіподақтар ғимаратында арнайы бөлме дайындалды. Бұдан бөлек, материалды көмек берем деп ниет білдірген азаматтарға арнайы банктік есеп шот ашылып, барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарына, кәсіпкерлерге хат ретінде жолданды. Аталған көмек Түркістан облысында және Шымкент қаласында құрылған оперативті штабпен бірлесе қажетті эвакуациялық пункттерге жеткізіледі.