Ақжолтай жаңалықты жеткізуге біз де асығыспыз. Атақоныс жасқа да жасамысқа да ыстық. Бүгін Арыс қаласындағы қауіп сейіліп тұрғындары ата қонысына жол тартты. Республикалық деңгейде күшейтілген жұмыс жүргізіліп жұртшылық қауіпсіз жағдайда өз үйлеріне қоныстанатын болды. Апта бойы жалғасқан Арыстағы алапаттың әсері осылайша саябырси түсті.
Бүгін үйлеріне оралған халықтың да көңілдері жайланды. Айта кетейік, «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша кәсіподақтар орталығы» жанынан ашылған қабылдау бекеттеріне қабылданған тұрғындар да күні бүгін елге қайтарылды. Кәсіподақ жанынан құрылған қабылдау бекетінде болған арыстықтар осы уақыт аралығында уақытша баспанамен, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтылды. Кәсіподақ өкілдері жарылыстан зардап шеккен жерлестеріне қолайлы жағдай жасау үшін барын салды.
Кеңпейілі мен қамқорлығын сарп еткен белсенділер арыстықтардан аянып қалған жоқ. Күні-түні кезекшілік ұйымдастырылып, жандарынан табылып, бар қажеттіліктермен қамтып отырды. Өздерінің тарапына жасалған қолдау мен демеуге арыстықтар да риза болысты. Рахметтерін жарыса жеткізген тұрғындар кәсіподақ өкілдеріне алғысын жаудырды. Туған жерге барғаннан кейін де арыстықтар қамқорлықсыз қалмайтын болады. Ел өміріндегі маңызды оқиғалардың белсендісі бола білетін еліміздегі ең ықпалды, ауқымды ұйым – кәсіподақ мүшелерінің ыстық ықыласы мұнымен де сарқылмайды. Ізгілікті игі істерді қолға алып, жойқын жарылыстан жапа шеккен тұрғындардың жанына табылуға әзір.