Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің “Еңбек Ерлері кәсіподақтармен бірге” деген дәстүрлі іс-шарасы аясында көрнекті қайраткер, Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық Мәслихаттың депутаты, “Казфосфат” ЖШС Бас директоры Мұқаш Ескендіров Жаңатас қаласында Сарысу ауданы жұртшылығымен кездесу өткізді.
Жамбыл облысы кәсіподақтары бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген Жалпы Еңбек қоғамын құру, еңбек мәртебесін дәріптеу және еңбекшіл тұлғаларды өнеге ету елдік өркендеудің негізгі тірегі екенін айта келе, Мемлекет Басшысының халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау жолында атқарылатын іс-әрекеттерді атап өтті. Ел мақтанышы болып отырған М.Ескендіров тәрізді әйгілі тұлғалар өнегесін қоғамға үлгі ету аса қажет.
Кездесуде Мұқаш Ескендіров мемлекет пен қоғам, өмір мен өндіріс жайында көкейкесті мәселелерді қозғады, жұмысшылардың лайықты жалақы алуы, тұрмыс мен табысты жақсарту, қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік әділеттілікті сақтауға белсене қатысуы, білім мен мәдениетті көтеруді жандандыру туралы келелі ой-пікірін ортаға салды. Түрлі сұрақтарға жауап берді.
Аудан әкімі Қанатбек мұндай салиқалы әңгімеге өз ризашылығын білдірді. Кездесуге қарапайым еңбекшілер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым мүшелері, кәсіподақ жетекшілері және жергілікті депутаттар мен барлық ауыл әкімдері қатысты. Мұндай кездесу алдағы уақытта басқа да аудандарда өтетін болады.