Алакөл ауданында отбасылық жарыс ұйымдастырылды

Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегі күні «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі Алакөл аудандық филиалы және «Әдемі-Ай» балабақшасының ұйымдастыруымен «Шынықсаң шымыр боласың» отбасылық жарысы өтті.

Оған аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Кенжебек Алпысбаев, «Әдемі-ай» балабақшасының меңгерушісі Сания Жаңабаева, балабақша қызметкерлері және 3 команда қатысты.

Шараның мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту, ептіліктерін, шапшаңдықтарын, батылдықтарын, күштіліктерін байқау, спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.

Шара барысында аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Кенжебек Алпысбаев сөз алып, Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген басымдықтарға тоқталып, оның ішінде білім саласын ерекше атап өтті.

Жарысқа қатысқан «Айару», «Жас қыран» және «Тұлпар» командалары «Танысыру», «Кедергілерден өту», «Алмаларды жиыстыру», «Қаппен секіру» сынды кезеңдерден өтіп, отбасы мүшелері өзара бақтарын сынады.

Байқаудың қорытындысын әділқазы алқасының мүшесі, балабақша меңгерушісі Сания Зейнешқызы хабарлап, кезеңдердің өтілу барысын және командалардың шеберлігін жеке-жеке баяндады.

Нәтижесінде  І орынды «Жас Қыран», ІІ орынды «Тұлпар»  және ІІІ орынды «»Айару» командалары иеленді. Жеңімпаздарға Алакөл аудандық кәсіподақ  филиалының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.