Кәсіподақтар күнін атап өту аясында Ералы Тоғжанов оңтүстік өңірге жұмыс сапарын Түркістан облысы Арыс қаласының Бас қақпасының салтанатты ашылу рәсімінен бастады. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) Бас қақпаның құрылысы туралы бастаманы көтеріп, толыққанды жүзеге асырды.
Кәсіподақтар күні тұңғыш рет ресми деңгейде аталып отыр. ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы № 303 қаулысына сәйкес 10 қазан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күні болып бекітілді және еліміздің кәсіби мерекелер тізіміне енгізілді.
Кәсіподақтар Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған ізгі шарадан тыс қалмай, осы жұмыстарға өз үлесін қосты. Қала қақпасының құрылысы ағымдағы жылы Арыста болған төтенше жағдайдан кейін тамыз айында басталды.
Құрылысқа 25 маман және 6 құрылыс техникасы жұмылдырылды. Объектінің жалпы сметалық құны – 30 млн.теңге.
Салтанатты ашылу рәсімі барысында ҚРКФ басшысы арыстықтар үшін қиын кезеңде қазақстандықтардың көрсеткен ауызбіршілігі мен бірлігін айрықша атап өтті.
««Бірлігі бар елдің, белін ешкім сындырмас» дегендей, ел басына түскен бұл ауыр жағдай қабырғамызды қайыстырса да, ерік-жігерімізді жасытып, сағымызды сындырмады.
Әр қазақстандық зардап шеккен бауырларымызға қолынан келгенше материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге даяр екендігін көрсетті», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев Кәсіподақтар федерациясының қала өмірін қалпына келтіру ісіне қосқан елеулі үлесін атап өтіп, көрсетілген қолдау үшін өз алғысын білдірді.
Арыс қаласының тұрғындары да Кәсіподақтар федерациясына өз ризашылықтарын білдірді.