ҚРКФ төрағасы  ХКК мен БЕӨК басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов «Турк-Иш»  Түркия кәсіподақтары Конфедерациясының  Анкарада ұйымдастырылған  XXIII Конгресі аясында   бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.   

Қазақстан Республикасы кәсіптік одақтар федерациясы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының  Бүкілеуропалық өңірлік Кеңесі (ХКК БЕӨК)  арасындағы ынтымақтастық мәселелерін ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов пен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының  Бүкілеуропалық өңірлік Кеңесінің президенті Ираклий Петриашвили талқылады. Тараптар әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерінде бірлесе әрекет етуге баса назар аударды.

Халықаралық ынтымақтастық мәселелері  ҚРКФ төрағасы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК)  кеңесшісі Яп Винненмен болған кездесуде де жалғасын тапты.

Тараптар ҚР Кәсіптік одақтары федерациясының  Халықаралық еңбек ұйымындағы сарапшылар комитетінің ұсыныстары бойынша  «Кәсіптік одақтар туралы» заңға байланысты қолға алып жатқан іс-шараларды талқылады.

ҚРКФ төрағасы атап өткендей,  еңбек және әлеуметтік заңнамаларды еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру «Қазақстан Республикасының еңбек мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдауға әзірлеу арқылы жүргізілуде.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгертулер мен толықтырулардың жалпы саны – 163, оның ішінде  19 өзгерту Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары мен конвенцияларды жүзеге асыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Анкарадағы Конгресс аясында Ералы Тоғжанов Әзірбайжан кәсіподақтары Конфедерациясы төрағасының орынбасары Джаваншир Алхасовпен кездесті.

Әзірбайжан кәсіподақтары Конфедерациясы ХКК тең құқылы мүшесі болып саналады. ҚРКФ  және ӘКК арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға 2015 жылы қол қойылған.

Кедесу барысында Қазақстан мен Әзірбайжан кәсіподақтық ұйымдары арасындағы ынтымақтастық, достық және  іскерлік байланыстарды одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды. Нақтырақ айтқанда, тараптар халықаралық ұйымдар аясында екі ел кәсіподақтары ынтымақтастығы мен кәсіподақтар жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында үздік тәжірибелермен бөлісу сонымен қатар, біліммен алмасу  жайы сөз болды. Әзірбайжан кәсіподақтары Конфедерациясы  құрамында 27 салалық және 1 аумақтық кәсіподақтық бірлестік бар. Мүшелерінің саны – 1 600 000 адам.

ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов сонымен қатар, Өзбекстан кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиковпен келіссөздер жүргізді. Өзбекстанның  кәсіподақтары Федерациясы  Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының  ассоциацивті мүшесі.  Екі ұлттық Федерация арасындағы ынтымақтастық алты жыл бұрын бекітілген Меморандумнан бастау алады.

Кездесу барысында бірлескен жұмыстардың болашақ бағыттары Ортаазиялық мемлекеттер (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан) кәсіподақтарының өңірлік бірлескен іс-әрекеттері туралы Келісімге қол қоюдың болашағы талқыланды.

Қазіргі күні Өзбекстанның кәсіподақтар Федерациясына өз құрамдарында 6,1 миллион адам бар 14 салалық кәсіподақтар, Қарақалпақстанның  республикалық, Ташкенттің қалалық, 12 кәсіподақтық ұйымдардың облыстық бірлестіктері кіреді.

Екіжақты келіссөздер сонымен қатар, Украина және Беларусь елдерінің ұлттық кәсіподақтары бірлестіктерінің басшылары Григорий Осов пен Анна Варфоломеевамен де жүргізілді.