Бейбіт күннің батыры

        Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен»  алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге  арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Facebook әлеуметтік желісінде бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясы жалғасуда. Акцияға Шымкенттік әріптестеріміз дайындаған мақалада елімізге  төтенше жағдай енгізілген күннен бері күні-түні азаматтардың денсаулығы үшін ерінбей еңбектеніп жүрген дәрігер  Мұрат Ибишев жайында сөз қозғалады.

Мұрат Майлыбекұлы денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп  келе жатқанына 13 жылдан асты. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясын тәмамдаған ол еңбек жолын 2007 жылы Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігер-инфекционист ретінде бастаған. Сондай-ақ, Мұрат Майлыбекұлы Алматы қаласындағы медициналық үздіксіз білім беру университетінде қосымша білімін арттырған. 2016 жылдан бері Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында бөлім меңгерушісі лауазымын атқарып келеді. М.Ибишев елімізге төтенше жағдай енгізілгелі бері жұқпалы аурулар ауруханасы «COVID» госпиталының басшысы қызметінде. Мұрат Майлыбекұлы өз сөзінде, елімізде індетпен күрестің бел ортасында жүрген медицина мамандарына жалақыларынан бөлек қосымша төлемақы төленгенін жеткізді.

– Ең бастысы – ауруханада дәрі-дәрмек қоры мен медицина мамандарының жеке басты сақтандыру құралдары жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда дерт жұқтырған азаматтарға емдеу шараларын жүргізуге лайықты жағдай бар, – дейді ол.

Соңғы бір жарым айдан бері ата-анасын, жарын, 4 ұл-қызын көрмеген дәрігер: – Қалалық әкімдік медицина мамандары мен олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі үшін біз сияқты мамандарды уақытша бөлек жатақхана мен қонақүйге орналастырды. Онда жағдайымыз жаман емес. Бірақ үйдегі бала-шағаны сағындық. Алла қаласа, індетті ауыздықтап, толыққанды тежей алсақ, бірінші кезекте отбасымызға барамыз, – дейді елу күнге жуық үйіне бармаған шымкенттік дәрігер Мұрат Ибишев.  Адам жанының  арашасы болып, қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген Мұраттай асыл жанды бейбіт  күннің батыры деуге әбден лайық.

#ЕлҮмiтiнАқтаған

#АқХалаттыАбзалЖан

#ҚРКФ

#BizBirgemiz