Еңбегін еліне арнаған Мәулен

Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының  Facebook әлеуметтік желісінде мамырдың 1-нен басталған  «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясы жалғасуда.

Дәрігер – адамзат үшін ең көне және маңызды мамандық.  Дәрігер болу үшін адам бойында ақыл-ой мен адамдарды құтқаруға деген ерік-жігер мен үлкен ниет болу керек.
Отандық медицинаның қиындықтары мен қоғамда айтылатын сындарға  қарамастан, дәрігерлердің жұмысы адалдық пен  өз ісіне жан-тәнімен берілуімен ерекшеленеді. Мұндай адамдар өз өміріне ғана емес, өзге адамның өмірі мен денсаулығына қамқорлық жасайды. Осындай жандардың бірі – Жұмадиллаев Мәулен Базарәлиұлы.

Жұмадиллаев Мәулен – 1985 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, (қазіргі Түркістан) Шардара ауданы, Ұзын-Ата ауылында (бұрынғы Комсомол совхозы)  дүниеге келген. Дәрігерлік жолын таңдауға ата-анасы себепші болды. 2013 жылдан бері Ақтау қаласының тұрғыны.

Жалпы еңбек өтілі 11 жыл. Болашақ дәрігер 2002 жылы орта мектепті бітіріп, ОҚО Мирас университетінде медициналық жолын бастады. 2003 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының 2 курсына ауысып, 2006 жылы емдеу факультетінде оқыды. 2006-2008 жылдар аралығында Семей мемлекеттік медицина академиясында жалпы терапия факультетін тәмамдады.

2008-2009 жылдар аралығында Невролог дәрігер маманы бойынша интернатура окып, осылайша 2009 жылы Павлодар облысы, Баянауыл аудандық орталық ауруханада невропатолог мамандығымен жұмыс барысын бастады.

2010-2011 жылдары Павлодар қаласындағы Семей мемлекеттік медицина академиясының филиалында анестезиолог-реаниматолог мамандығын меңгеріп,  2011-2012 жылдары Павлодар облысының ОАА-да анестезиолог-реаниматолог дәрігері болып жұмысын атқарады.
Қазіргі мамандығы реаниматолог-анестезиолог, перфузиолог, кардиореанимация меңгерушісі, облыстың штаттан тыс реаниматологы.

Оның міндеттеріне – реанимация, ауыр халде жатқан науқастарға ем барысы, күтім, бақылау, зертханалық, аспаптық және клиникалық деректерді түзету кіреді.
Пандемия кезінде ауқымды жұмыстар аткарылып жатыр. Әрине әртүрлі қиындықтарға душар болады. Бірақ бір ұжым жұмылып жұмысын атқарса ғана нәтижеге жетеді.  Себебі әрбір медициналық қызметкер оған  өз үлесін қосады. Еліміздің  оңтүстігінде  дүниеге келіп, орталықта білім алып, Семейде біліктілігін шыңдап, Павлодарда еңбек жолын бастаған, бүгінде Ақтауда еңбек етіп жүрген  Мәулен Базарәлиұлының  медицина саласындағы еңбек жолы осындай.  #елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз