Арқалап елдің алғысын, қызмет еткен халқы үшін

Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Facebook әлеуметтік желісінде бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясы қорытындылануға жақын. Еліміздің барлық өңірлерінде қатерлі індетпен  қаймықпай күресіп жүрген, адам өмірінің арашасы бола білген жандар қандай құрметке де лайық.

Ақ халатты абзал жандардың коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүргенін бәріміз білеміз. Медицина мамандары алғашқы күннен бастап науқастарға қолдан келген көмегін жасауда. Тіпті наурыздан бері үйлеріне бармаған дәрігерлер бар. Сондықтан да, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің барлық қызметкеріне, санитарлық зертханалардың, сондай-ақ, жедел жәрдем дәрігерлеріне ерен еңбегі үшін алғыс айтқымыз келеді.
Бүгінде Шымкент қаласында коронавирус індетімен күресте 26 емдеу мекемесінде жалпы 2 764 медицина қызметкері жұмыс істейді. Жұмысына адал дәрігерлер қауымы тәулік бойы жұмыс орындарында қалтқысыз қызмет көрсетуде.  Қазірде қаладағы медициналық ұйымдардағы 300-ден аса қызметкерлер қонақүйге жайғастырылған. Бұл – қауіпті ошақта жұмыс істейтін ақ халатты абзал жандардың отбасын сақтау мақсатында және қауіпсіздік жұмыстарын күшейту үшін қолға алынған қадамдар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес, Шымкентте Төтенше жағдай режимінде жоғары жүктемемен еңбек еткен 2126 медицина мамандарына наурыз-сәуір айларында еселеп атқарған еңбегі еленіп, республикалық бюджеттен үстемақы ретінде бөлінген 799.22 миллион теңге берілді. Ақ халатты абзал жандардың күнделікті дертпен бетпе-бет келіп, эпидемиялогиялық жағдайдың өршуіне қарамастан өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жатқаны қуантады.
Сөз соңында, бүгінгі күннің батырлары, адам денсаулығының кепілі, өз өмірлеріне қауіп келуіне қарамастан, тынымсыз еңбек етіп жатқан дәрігерлерге ризашылығымызды білдіріп, еселі еңбектеріне сәттілік тілейміз!

#ЕлҮмітінАқтаған #АқХалаттыАбзалЖан# ҚРКФ #BizBirgemiz