Мақсат – ортақ, мүдде – бір

Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Facebook әлеуметтік желісінде бірінші мамырдан басталған «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясы жалғасуда. Акция аясында бейбіт күннің батырлары қатарын Ақтөбеден дайындалған материал кейіпкерімен толықтырамыз.

COVID- 19 індетінің алдын алу және таралу қаупін бәсеңдету мақсатында күрестің  алғы шебінде болып, өз үлестерін қосқан мамандар аз емес. Ақтөбе облыстық ЖИТС орталығының бір топ мамандары арасында ерекше қызмет атқарған Самат Мұртазин, Асхат Қажығалиев, Талғат Садықов сияқты білікті дәрігерлердің еңбектері ерен.
Облыс аумағында құрылған арнайы штабта табанынан тік тұрып қызмет атқарған дәрігерлердің бірі-  Самат Мұртазин. Ол дәл бүгінгідей ел басына күн туған, қиын шақтарда халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек ету өзінің дәрігерлік парызы деп есептейді. Мұндайда әрине 1-ші дәрежелі эпидемиолог маман өзінің отыз жылға жуықтаған еңбек тәжірибесін пайдалана білді. Самат Хабиұлы Қарағанды қаласындағы медицина институтын тамамдаған соң, еңбек жолын аудандық дәрігерлік мекемелердің бірінде бастады. Ақтөбе облыстық ЖИТС орталығында жұмыс істегелі де 13 жылға таяп қалған. Қауіпті дерттердің  алдын алу шаралары бойынша ұзақ жылдар еңбек еткен маман, дәл мұндай қиын жағдайды көрмегенін айтады. Сондықтан дәрігер: «Мұндай уақытта білікті маман аянбай еңбек ету арқылы ғана елді қауіпті індеттен сақтап қала алады. Бұл дәрігерлер үшін үлкен сын. Ең алдымен ерен еңбекті талап ететін сынақ. Сондықтан барлық ақ халатты абзал жандарға әлі-ақ елдің айтар алғысы шексіз боларына сенемін. Біз біргеміз, қауіпті індетті бірге жеңеміз! Дәрігерлердің шұғыл  әркеті мен ізденістерінің нәтижесі қазір халыққа үлкен үміт сыйлап отыр. Ел үміті ақталады деп ойлаймын,»,- дейді.
Соңғы деректерге сүйенсек, жағымды жаңалықтар да аз емес. Науқасқа шалдыққан мыңдаған адамның беті бері қарап, аурудан құлан –таза  айықты. Осы ретте дәрігер маман жалпы, алғашқыда науқастарды емдеу оңайға соқпағанын айтады. Диагноз қойылғанымен , науқасты емдейтін нақты препараттар болмаған. Соған қарамастан, әрбір дәрігердің жедел әрі сауатты жұмыс жүргізе білуінің арқасында індетке шалдыққандар жазыла бастады. Сын сағатта дәрігер мамандардың біліктілігінің жоғарылығы және кез келген төтенше жағдайға дайындығы байқалды. Бұл жөнінде Самат Хабиұлы да, өз әріптестерінің ерен еңбегін мақтан тұтады. Самат Хабиұлы жедел штаб құрамында болып, өзге құзырлы орындарға індеттің таралу қаупі туралы нақты мәліметтер беріп отырды. Сондай-ақ ол, індет таралған жерлерде болып, науқастарға және олармен байланыста болған адамдарға қажетті ақпараттар таратып отырды.
Ерекше еңбегімен көзге түсіп, ел игілігі үшін адал қызмет атқарып жүрген эпидемиолог маман көптің алғысын алып та үлгерді. Дегенмен маман ретінде, эпидемиолог –дәрігер Самат Хабиұлы осындай шақта облыстың бас санитарлық дәрігері  бекіткен әрбір талап орындалуы тиіс деп есептейді. Қауіпті дерттің таралуын тежеу барысында бір мүдде мен бір мақсатты көздегенде  ғана жеңіске жетуге болады. Алғыс арқалаған ақ халатты абзал жандардың өз қызметтерін адал атқаруы –ел алдындағы абыройлы борышы!

#ЕлҮмітінАқтаған #АқХалаттыАбзалЖан# ҚРКФ #BizBirgemiz