Еңбек дауларының алдын алу мәселесі талқыланды

Түркістан облыстық сотының ұйымдастыруымен «Түркістан қалалық соты» ғимаратында тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және оның тиімділігін арттыру, еңбек заңнамасын қолдану мәселелерін талдау және жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы дауларды шешудің өзара қолайлы жолдарын іздестіру мақсатында «Сотқа дейінгі және соттағы еңбек дауларына қатысты татуластыру институтын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелге “YNTYMAQ” салалық кәсіподақ орта және шағын бизнес саласының жұмыскерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Әлтеев, Түркістан облыстық және Түркістан қалалық соттарының судьялары, денсаулық сақтау, білім беру, еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаларының, ішкі істер органдарының, прокуратураның өкілдері, медиаторлар, адвокаттар, БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде алғашқы болып Түркістан облыстық сотының судьясы Серік Дзюлиев сөз алып, кіріспе сөзін айтты. Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында Түркістан қалалық сотының судьясы Д.Бейсембекова «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» жайында баяндама жасады. Әрі қарай жиынға қатысушылар тақырып аясында өзара пікір алмасып, ұсыныстары мен тілектерін жеткізді.