«Ұстаз болғым келеді» байқауының іріктеу кезеңі аяқталды

Ұстаз деген ұлы тұлғаны қадірлеп, құрмет көрсету барша адамзат атауының парызы. Олардың қызметіндегі қызығы мен қиындығы туралы мағлұмат беріп, жас ұрпақты тәрбиелеу біздің міндет.

Осы мақсатта Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ  ұйымының бастамасымен екінші жыл қатарынан «Ұстаз болғым келеді» эссе байқауы өтілуде.

Бұған аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмылдырылды. Аталған байқауды алғашқы болып Көксу аудандық филиалы ұйымдастырды.

Оқушыларға алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, орта білім беру мекемелерінен 9 эссе жинақталды. Жоғарғы сынып оқушылары арасында өтілген байқаудың форматы бұрынғыдан өзгеріп, бейнебайланыс арқылы мықтылар анықталды.

«Еліміздегі жағдайға қарамастан ұстаздар мен оқушылар белсенділік танытты. Мұғалім мамандығын таңдаған оқушылар қашықтықтан болсада өз жұмыстарын жолдады. Білім беру саласының қызметкерлерінен құрылған әділқазы алқалары шығармаларды бағалап, ортақ шешім шығардық»,-дейді Көксу аудандық филиалының төрағасы Дина Нүсіпова.

Байқауда бас жүлдені М. Құрманов атындағы №2 орта мектебінің оқушысы Самал Нұрсейіт, І орынды Жамбыл атындағы орта мектебінің оқушысы Аяулым Шәбден, ІІ орынды  Ж. Егінбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Азамат Дәулет, ІІІ орынды Мұсабек атындағы орта мектептің оқушысы Бағжан Бақытхан еншілеп, Көксу аудандық кәсіподақ филиалының  дипломдары және бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Аталған байқаудың іріктеу кезеңіне жалпы 112 оқушы қатысып,  оның 28-і облыстың  кезеңге жолдама алды.  Қорытынды шара ағымдағы жылдың 5 маусымында жарияланады деп күтілуде.