Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қарағандыдағы өкілдері карантин талаптарының сақталуын тексеруге кірісті.
Мобильді топ жақында ашылған «Global city» жаңа көтерме-тарату логистикалық орталығына рейд жүргізіп қайтты.
Топ өкілдерінің сөзінше, көлемі шамамен 60 гектар болатын сауда және қойма ғимараттарының кіре берістеріне коронавирус профилактикасы туралы хабарландырулар ілінген. Азық-түлік павильондарының сатушылары жеке қорғаныш құралдарымен толықтай қамтылған. Кіреберістердің барлығына санитайзерлер қойылған және тұрғындар орталыққа дене қызуы өлшеніп, маскамен кіргізілуде.
Сонымен қатар, коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында орталыққа қатынайтын қоғамдық көліктер санын арттыру жоспарлануда.
Рейд қорытындысы бойынша оған қатысқан Мемлекеттік, банктік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ерсін Абдулманафов пен «Нұр-Отан» партиясы Қарағанды қалалық филиалының «БІРЛІК» бастауыш партия ұйымының төрағасы Нұрлан Әубәкіров, жаңа орталықта карантин талаптары қатаң сақталып отыр деген байлам жасады.