Бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі жастарды өнерге баулуда

Ұлы ақын Абайдың «әуелі өнер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» деген даналық сөзі жастарды кәсіп іздеп, өнер тауып, адал еңбекпен алға ұмтылуды насихаттайды. Осы орайда біз Ақтөбедегі
Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерінің еңбектерін көпке үлгі етпекпіз.

Солардың бірі – режиссер,актер Елтай Кемал. Ол 25 жылдан астам осы өнер саласында тынымсыз еңбек етіп, жаңашылдығымен көпке танылып жүр.

1996 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясын бітіргеннен кейін, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында еңбек жолын бастады. Осы уақыт аралығында ол облыстық театр сахнасында Иран-Ғайыптың «Махамбетінде»-Исатай, О.Бодықовтың «Ит өлімінде»-Марат, Т.Ахтановтың «Күтпеген кездесуінде»-Маңғас, Т.Ахтановтың «Антында»-Әбілқайыр хан, М. Әуезовтың «Айман-Шолпанында»-Әлібек, Б.Тәжібаевтың «Ана жүрегінде»-Арман және басқа бейнелерді жарыққа шығарды.

Өзі таңдаған өнер жолының қадір-қасиетін түсіне отырып, қызметін жауапкершілікпен орындап жүр. Білімді, қабілетті және таланты өнер адамы ретінде ұжымда өзіндік орнын таба тәжірибелі маман. Сахналық бейнелері халыққа тым таныс, танымал бейнелер. Бұдан бұрын да сахнада табысты бейнеленген образдарды қайтадан сомдау, бөлек бейнелеу, әр кейіпкердің жан дүниесін, өзіндік әлемін жарқырата ашып көрсету артистен соны ізденіс, жаңа көзқарастарды талап етеді. Кемал Елтай осы талапқа сай ізденгіш,жаңалыққа құмар жас. Әр түрлі жанрдағы бейнелерді шебер сомдай біледі. Әсіресе өткір мінезді, кесек тұлғаларды, кемеліне келген үлкен жастағы адамдарды шынайы бейнелейді.

Кемал Елтай соңғы жылдары режиссерлік қызметке араласа бастады. Ақын М. Мақатаевтың поэзиясы бойынша «Арпалыс» моноспектаклін қойып, Мұқағали ролін шеберлікпен сомдады.

2003 ж. Орал қаласында XI-республикалық театр фестивалінде И.Ғайыптың «Махамбет» спектаклінде Исатай ролін шынайы бейнелегені үшін ерекше көзге түсіп, лауреат атанды. 2004 ж. Астана қаласында VII-«Шабыт» халықаралық театр фестивалінде классикалық репертуарымен көзге түсіп, Дипломға ие болды.
Е.Кемал Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында 2009-2011 жылдары аралығында драмалық театры, режиссура мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесіне ие болды.

2011 ж. режиссерлік қызметін жапон драматургі М.Бэциякудың «Дерт» абсурдты спектаклімен сәтті бастаған ол соңғы жылдары бірнеше қойылымдарды сахналады. Соңғы жылы Е. Кемалдың Қ. Жүнісовтың «Махаббат мелодрамасы» көрермендерден жоғары баға алып, үзбестен көрсетіліп келеді.Жақында сахнаға жолдама алған жаңа туындысы- А. А. Вампиловтың (ауд. Т. Жаманқұлов) «Метранпаж» трагикомедиясының, Т.Ахтанов «Күтпеген кездесу» драмасының, Т.Мәңдібай «Құрдастар» комедиясының және Н.Байғанин «Нарқыз» тарихи дастаныныңшынайылығы сенімділігімен ерекшеленеді.

Е. Кемал Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің жанынан «Кемал» студенттер жастар театрын ұйымдастырды. Жас ұжымның алғашқы табыстары да көріне бастады. 2016 жылдың 20-21 сәуірінде Ақтөбе облыстық драма театрында өткен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жастар мен студент театрлары арасындағы «Балауса» Республикалық фестиваліне қатысып, ерекше көзге түсті. 13 театр арасындағы жарыста жас драматург Қ. Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» атты комедиясын әзірлеген жас ұжымның жастары Е.Кемалдың басшылығымен және режиссерлік тапқырлығымен көзге түсіп, «Ең үздік режиссер»номинациясын жеңіп алды.«Мы+Біз» қазақ-орыс жастар форумының аясында өткен Еуразиялық «На Николаевской 2014» шығармашылық фестивалінде Елтай Кемалдың еңбегі мен шеберлігінің арқасында «Кемал» студенттік театры«Үздік театр жанры» және «Үздік сахналық композиция» секілді марапаттарға ие болды.

Бұдан өзге де марапаттары біраз. Ең бастысы – Елтай Кемал еңбек адамы ретінде өз мамандығына адал берілген,талантты жастарды өнерге баулып, тың дүниелерді жарыққа шығарып жүр.

«Театрымыздың бастауыш кәсіподақ ұйымы бізге үнемі қолдау танытады.Еңбек адамдарының ,қарапайым қызметкерлердің мұң-мұқтажын шешуге ,олардың еңбек құқықтарының сақталуына үлес қосатын кәсіподақ ұйымына сеніміміз мол. Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақылары өсіп, соңғы жылдары біраз жұмыстар атқарылды», – дейді тәжірибелі маман.