Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған жастар Кеңесінің отырысы өтті. Оған аудандық, қалалық филиалдардағы жастар Кеңесінің төрағалары мен белсенді мүшелері қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын Жастар Кеңесінің мақсаттары мен міндеттері, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының Сарқан ауданында орындалуы және әртүрлі мәселелер қаралды.
Жиында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов елдегі жағдайды ескеріп, кәсіподақ мүшелерінің игілігіне жасалып жатқан жұмыстарды айтып, жас ұстаздардың мәртебесін арттыруға арналған шараларды нақтылап, алдағы жоспарымен бөлісті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Панфилов аудандық филиалы жанынан құрылған жастар Кеңесінің төрағасы Еламан Сайранұлы Мемлекет басшысының жаңа оқу жылы қарсаңына жариялаған Жолдауын көпшілікке таныстырып, білім саласындағы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.
Ал, Сарқан аудандық филиалы жанынан құрылған жастар Кеңесінің төрағасы Дархан Мұратұлы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының Сарқан ауданында орындалуы туралы баяндама жасады.
«Сарқан ауданында соңғы үш жылда 30 педагог «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспана алса, 50 ұстаз көтерме жәрдемақы алып, үй алушылардың кезегіне қойылды. Нәтижесінде, шалғай ауылдардағы білім беру мекемелері ағылшын тілі, орыс тілі, физика, химия, математика сынды негізгі пәндер бойынша мамандармен қамтамасыз етілді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», – деді өз сөзінде Дархан Мұрат.
Жастар Кеңесінің мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жасалған баяндамаларды жоғары бағалап, жас мамандардың мәртебесін арттыру үшін қажетті шаралардың тізімін жасақтады. Жас ұстаздардың тарапынан қоғамдық жұмыстағы белсенділігін арттыруға арналған ұсыныстар жинақталып, қажетті шешімдер қабылданды.