Жұмыскерлердің денсаулығын нығайтуға салынған инвестициялар өндірістегі жарақаттану мен жазатайым оқиғалардың деңгейін төмендетуге, еңбек демалысын азайтуға, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыруға көмектеседі. Бұл тұжырымдар «2020-2022 жылдарға арналған «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасында айтылған.
Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері «Астана қалалық жарық» ЖШС басшысының орынбасары Сұлтан Сахановпен кездесіп, кәсіпорында дене шынықтыру ұжымын құруды ұсынды.
Қазақстандық кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Қазақстан кәсіподақтарының спорттық-сауықтыру қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Бақытжан Есжанов «2020-2022 жылдарға арналған «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасы» туралы баяндап, жұмыс орындарында өндірістік жаттығулар енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Жұмысшыға да, жұмыс берушіге де пайдасы мол «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасы туралы мағлұмат алған кәсіпорын өкілдері бұл бастаманы қолдайтындығын айта келе, алдағы уақытта енгізу мәселесін ұжымда талқыға салып, қарастыратынын айтты.
Сонымен қатар, кәсіподақ өкілдері биыл ҚР Кәсіподақтар федерациясы жариялаған “Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы” республикалық байқауына және Кәсіподақтар федерациясы күндері аясында өтетін іс-шараларға кәсіпорын тарапынан белсенділік танытып, қатысуға шақырды.