«Қостанай қаласының Құрметті тұрғыны» атағы мейірбикеге берілді

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы” РҚБ Қостанай облыстық филиалы облыстық аурухананың бас мейірбикесі Говорушкина Екатерина Викторовнаны «Қостанай қаласының Құрметті тұрғыны» атағының табысталуымен құттықтайды.

Әріптестері атап өткендей, Екатерина Викторовна тәжірибесі мол, ерекше ұйымдастырушылық қабілеті бар, өзінің білімі мен кәсіби шеберлігін жетілдіру үшін үнемі жұмыс істейтін білікті маман. Денсаулық сақтау саласында өз жұмыс жолын 1971 жылы Қостанай қалалық ауруханада мейірбике лауазымында бастаған болатын.

Бүгінгі күні Қостанай облысында мейірбике ісі бойынша мамандардың саны 6173 адамды құрайды. Осы салада жұмыс жасайтын медицина қызметкерлері аймақ тұрғындарына күнделікті көмек көрсетуде. Олардың жұмысын атап өту өте маңызды.

Екатерина Викторовна – бас мейірбике, Қостанай облыстық ауруханада 35 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Оның стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу және міндеттерді іске асыруға деген ұмтылысы өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуда елеулі өзгерістер әкелген. Аурухананың бас мейірбикесі болып, ол облыстық мейірбикелер кеңесінің жұмысын тиісті деңгейге көтерді, кәсіподақтық қалалық, облыстық іс-шараларға белсенді қатысады, әрі жас мамандар үшін үлгі көрсетуде.