Әлеуметтік әріптестер ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын талқылады

17 ақпанда Нұр-Сұлтанда ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптесі – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкеновпен кездесті.
Кездесу ҚРКФ төрағасының орынбасарлары Мұхтар Тінікеев, Гүлнәр Жұмагелдиева және Нұрлан Өтешевтің, сондай-ақ вице-министрлер Ақмади Сарбасов және Ербол Оспановтың қатысуымен кеңейтілген құрамда өтті.
Тараптар әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның жұмысы аясында әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту және тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Кәсіподақтар федерациясы Комиссия туралы жаңа Ережені әзірлеу, сонымен қатар заң жобаларын аталған комиссия арқылы қарау, әлеуметтік әріптестік жүйесінде жұмыс берушілер тарапының өкілдерін анықтау туралы бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестер еңбек заңнамасын және «Кәсіподақтар туралы» Заңды жетілдіру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді.
Кездесу барысында еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алу және шешу мәселелері бойынша да пікір алмасылды. Бұл бағытта Еңбек жанжалдарын шешу және алдын-алу бойынша кешенді жоспарды іске асыруда өзара әрекеттестікті нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Еңбек дауларын шешу қадамдарының бірі – еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру. Сондықтан кездесуде еңбекақы төлеу және жалақыны индекстеу бойынша жұмыс тобын құру туралы келісім жасалды.
Халықты әлеуметтік қорғау саласында кездесуге қатысушылар әлеуметтік кодекстің жобасы, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы мөлшерін қайта қарау және мүгедек кеншілердің өзекті мәселелері бойынша бірқатар бірлесе жасайтын қадамдарды атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған тақырыптардың өзектілігін, әлеуметтік және еңбек мәселелерін қарау үшін үнемі кездесулер өткізу қажеттілігін атап өтті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы