Үшжақты комиссия отырысында бірқатар мәселелер қаралды

Ақтөбе облысы әкімдігінде жұмыс берушілер мен әкімдік және кәсіподақтардың үшжақты келісімінің орындалуы барысына арналған кеңес өтті. Кеңеске Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары, комиссияның тең төрағасы Жеңісбек Ақбергенов қатысты.

Отырыста еңбек дауларының алдын алу мәселесі қаралып, өндірістегі кауіпсіздік мәселесі талқыланды.

«Кәсіподақтар ұйымы түрлі салаларда еңбек ететін жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен заңды кәсіби мүдделерінің тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді. Бізде ҚРКФ жаңа стратегиясы мен Бас келісім аясында кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін басты назарда ұстаймыз», – деп атап өтті төраға орынбасары.

Кеңесте кәсіподақтардың мекемелердегі ролін арттыру, жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсарту, құқықтарын қорғау бағытында бірлесіп атқаратын жұмыстар айтылды.

«ҚРКФ ұсынысы бойынша қабылданған Бас келісімде кәсіпорындарда үшжақты комиссияның көшпелі отырыстарын өткізу тәжірибесі енгізілді. Осы маңызды құжатта әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, жұмыскерлерге лайықты жағдай жасау және лайықты еңбекақы төлеу жайы нақты қаралған», – деп Жеңісбек Ақбергенов бірқатар келелі бастамаларды жан-жақты баяндады.

Ақтөбеде кәсіподақ еңбек заңнамасының сақталуын бақылау және мониторингілеу мақсатында проблемалық кәсіпорындардың жалақыға берешегін реттеуге септігін тигізеді.