Үздік ұжымдық шартқа ие бастауыш кәсіподақ ұйымы

Қызылорда облыстық кәсіподақ өкілдерінің жұмыс сапары «Жаңақорған» шиапажайында жалғасты. Бастауыш ұйыммен кездесуде облыс кәсіподақтары шипажайдың қазіргі таңдағы жұмыс барысымен танысты.

Жаңақорған шипажайы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орналасқан. Елімізде баламасы жоқ Теріскен көлінің шипалы тұзды суы мен лай батпағына негізделген емдеу тәсілдерімен сауықтыратын шипажай жұмысы қашанда қызу. Былтырғы жылы індет келген кезеңдерде шипажай карантинге жіберілген тұрғындарды қабылдап, шипажай қызметкерлері оларға қызмет жасады. Қазіргі таңда шипажай індетке шалдығып жазылған жұмыскерлердің денсаулығын оңалту жұмыстарына үлкен мән беруде.

Шипажайдың кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестік аясындағы жұмысы жүйелі жолға қойылған, 2019 жылы ұйымдағы Ұжымдық шарт «Парыз» байқауының «Үздік ұжымдық шарт» номинациясын иеленді. Екі жүзден аса шипажай қызметкерлерінің, оның барлығы кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытымен қатар, Ұжымдық шартта олардың жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік қолдау шаралары бойынша бірқатар үлгілі келісімдер орын алған.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С.Сермағамбетов пен «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» облыстық филиалы төрағасы Е.Умирсериков шипажай басшылығы мен жұмыскерлерімен Кәсіподақтар федерациясының жаңа жобалары аясында сөз өрбітті.