Тыл еңбеккерлері-кәсіподақ қозғалысының ардагерлері Жеңіс күнімен құттықтауларды қабылдауда 

Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері кәсіподақ ардагерлері – тыл еңбеккерлері Сағидуллин Миғраж Смағұлұлын, Дармодехин Александр Максимовичті, Иванова Александра Михайловнаны, Пенькова Юлия Александровнаны, Пуховская Любовь Петровнаны Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Соғыс жылдарының киімдерін киген жас кәсіподақ көшбасшылары тыл еңбеккерлерінің соғыс жылдарындағы қиын-қыстау балалық шақ, еңбектегі жеңістер, тылда үлкендермен бірге Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан соғыс жылдарындағы балалардың – қазіргі ардагерлердің сол сұрапыл жылдардың шындығы туралы әңгімелерін терең ризашылықпен тыңдады.


Соғыс жылдары ұрпақтар жадында мәңгі қалады және ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды, өйткені соғыстың қайғылы салдары тимеген шаңырақты табу қиын.
Ұлы Отан соғысы жылдары Сағидуллин Миғраж Смағұлұлының, Дармодехин Александр Максимовичтің, Иванова Александра Михайловнаның, Пенкова Юлия Александровнаның, Пуховская Любовь Петровнаның тағдырында көптеген қиындықтар болды, буыны қатпаған жасөспірімдер ауыр жұмыс істеп, балалық шақтың қызығын көрмеді, олар аштықты да көрді, денсаулықтарын жоғалтты, толық оқу мүмкіндіктері болмады.
Біздің қымбатты кәсіподақ ардагерлері барлық сынақтарға төтеп берді, туған жердің әл-ауқатын арттыра алды, майданға көмектесті, болашақ ұрпақтардың жарқын өмірі үшін Ұлы Жеңісті қорғады.
«Біз үшін ардагерлермен кездесу әрқашан құрметті, маңызды және рухани оқиға. Соғыс қасіретін көрмей өскен біздің ұрпақ Сіздердің алдарыңызда мәңгілік қарыздар. Тылда көрсеткен ерліктеріңіз үшін, қажырлылық пен табандылықтарыңыз үшін, соғыс уақытындағы сынақтарға төтеп бергендеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары тылдағы қажырлы еңбегі, соғыстан кейінгі мемлекетті қалпына келтіргені үшін барлық ардагерлерімізге тағзым етеміз. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қуаныш пен бақыт тілейміз, Сіздердің құрметтеріңізге әрдайым мерекелік Жеңіс маршы шырқалады!»,- деді Павлодар облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Д.Н. Айтжанова.

«Павлодар облысының кәсіподақ орталығы» АКБ