Ермек Нұрмаханов: «Тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде өз елімді сүймеуге, әрбір азаматын құрметтемеуге құқығым жоқ»

«Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі, Тәуелсіздік кешегі батыр бабалардың өсиеті, Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау әрбір азаматтың борышы» деп «Тәуелсіздік толғауында» көрсеткен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қанатты сөзі тәуелсіздіктің тереңде жатқан тарихынан сыр шертеді. Еркіндік, азаттық біздің халқымыздың ежелгі арманы болатын. Атажұрт үшін, азаттық үшін жан беріп, жан алысқан небір сұрапыл шайқастар өтті. Сол шайқаста қаншама арыстың қаны төгіліп, жаны қиылды. Тамыры тереңге бойлаған алып бәйтеректей қазақ халқы талай боздағынан айырылды, талай тозақты көрді, қаншама рет теңселді, бірақ құламады. Еңсесін көтеру үшін қаншама боздақтар қыршыннан құрбан болды.

Ата-бабамыздың арманына айналған тәуелсіздікке бүгінде отыз жыл толды. Тәуелсіздіктің төл құрдасы болып дүниеге келген менде отыз жасқа толдым. Отыз жыл біреуге аз, біреуге көп болып көрінуі мүмкін. Мысалы, осы жылдар ішінде еліміздің әлеуметтік – экономикалық даму қарқыны күшейіп, көптеген жетістіктерге жеттік. Өзінің отыз жыл ғұмырында жұлдыздай жарқ еткен қазақтың ұлы ғалымы, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілі Шоқан Уәлиханов – шығыстану, тарих, этнография, география, ағартушылық салаларының негізін қалап, еңбек етіп, соңынан өшпес мұра қалдырған. Ал мен отыз жыл сүрген өмірімде нені үйрендім, не істей алдым, келер ұрпаққа не қалдыра аламын деген ойда отырмын…

Статистика департаментіне қызметке қабылданғаннан кейін, Ұлы Отан соғысының ардагері Сатыбалдиев Әбдірауық ағамен танысып, сол кісінің майданда жасаған ерлігімен танысып, ержүректілігіне тәнті болдым. Ол 18 жасында Совет армиясы қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Сонымен қатар, Жапонияға қарсы шабуылға, Ашхабадты құтқаруға арналған соғыстарға қатысқан. 1950 жылдан 1987 жылға дейінгі аралықта статистика саласында қызмет еткен. Сонымен қатар, мен туып-өскен Қармақшы аудандық статистика бөлімін 37 жыл басқарған. Арыстай батыр тұлғамен жерлес болғанымды, бір салада қызмет жасап жатқанымды, өзімен сұхбаттасып, өмірлік сабақ алғанымды мақтанып айта аламын.

Тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде өз елімді сүймеуге, ата заңын қастерлеп, әрбір азаматын құрметтемеуге, өз елім мен жерімнің және Қазақстанымның патриоты болмауға құқығым жоқ. Бұлай айтуға негіз де жоқ емес…

Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты бізде өз тарапымыздан үндеуді қолдап, департаменттің жастарынан жинақталған жастар ұйымын құрып, сол ұйымның президенті болып сайландым. Біз департамент жастары қоғамдық шараларға белсене ат салысып, департамент ішілік қана емес, облыс көлеміндегі түрлі іс-шаралар мен сайыстарға қатысып, департамент абыройын тек биіктен көрсетіп келеміз. Бұл біздің департаменттегі аға буын өкілдерінен көріп, үйренгеніміз, түйгеніміз.

Бұдан бөлек облыс көлемінде мүмкіндігі шектеулі, ДЦП диагнозы қойылған балаларға, сонымен қатар тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға көмек қолын созып жүрген «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының еріктілер тобының мүшесімін. Елімізде орын алған пандемия кезінде азық-түлік таратып, ауруханаларға газ балондарды тасу секілді жұмыстарды ерікті түрде атқардық. Жасалған шараларды тек еріктілік қызмет деп қана емес, азаматтық борышым деп білемін.

Мемлекеттік қызметіммен бірге қоғамдық шараларды қатар алып жүруім жауапкершілігім мен белсенділігімнің, еңбекқорлығым мен жанашырлығымның арқасы деп ойлаймын. Департаменттің, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалының, Облыстық салалық кәсіподақ комитетінің, Облыстық жастар ресурстық ортылығының және «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының алғыс хаттары мен марапаттары мені одан әрі қанаттандырып, өркендеген елімнің гүлденуі жолында халыққа талмай қызмет етуге ынталандырады. Адалдық бар жерде шыншылдық, ашықтық, жауапкершілік, тазалық болатынын білемін. Ал өмірлік ұстанымым – қиындыққа мойымай алға қойған мақсатқа жету.

Отбасы – құрмет пен махаббаттың, сүйіспеншілік пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Аллаға сансыз шүкір аяулы жарым, екі бірдей періштелерім бар. Менің ең басты байлығым ол – отбасым. Шағын ғана мемлекетіңіздің берік те, бақытты болуы үшін, ең бастысы балаларды бақытты ету. Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала.

Осынау бейбіт өмірімізге, тоқшылық пен тыныштығы қатар орнаған заманымызға мың да шүкір. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – жас буынның бағыты болуы тиіс. Мен жастарға сенемін!

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті Қызылорда каласы басқармасының бас маманы Е. Нурмаханов