Жұмысшының құқығы – кәсіподақтың басты назарында

Бүгін Атырау облысының әкімдігінде Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті V-ші отырысы өтті.

Төрағалық өткізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков қатысушылар назарына еңбек дауларын болдырмау шараларына көп көңіл аударуды жеткізді. Сонымен қатар, соңғы кезде орын алған ұжымдық дауларды шешуде кәсіподақтардың белсеңділігін атап, алғысын білдірді.

Сөз кезегінде Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов әлеуметтік әріптестіктің маңыздылығын, алдағы уақытта оны әрі қарай дамыту бойынша көзқарастарын ұсынды.
Расымен, әр саланың қызметкерлері көтеріп жатқан мәселелері назардан тыс қалмай, сарапталып жергілікті деңгейде, қала берді республика деңгейіне дейін жеткізіліп, біртіндеп шешілуде, бірақ бірлесіп атқарылар жұмыстар мен шаралар өте көп. Келесі отырыс 11 маусымға белгіленіп, тараптар әлеуметтік мәселелер мен еңбек дауларын шешу бойынша өз ұсыныстарын жеткізетін болады.