Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Қазақстан Республикасы Энергетика министрімен келіссөз өткізді

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевпен кездесті.

Келіссөз барысында кәсіподақ пен министрлік арасындағы ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды.

Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты кен орындарына еңбек ететін жұмысшылардың мәселелеріне, еңбек өнімділігіне, сондай-ақ, өңірлік әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға ерекше назар аударылды.

Тараптар мұнай-газ саласының кәсіпорындарындағы кейбір ахуалға байланысты өңірлік әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырды.

Өңірлік кәсіподақ басшысы жұмысшылар мен жұмыс берушілерге көрсетілетін құқықтық көмекті жалғастыруға дайын екенін және еліміздің батыс өнірлерінің еңбек ұжымындарында еңбек заңнамасының, әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуына бағытталған кәсіподақтық іс-қимылдарға атсалысатынын айтты.

Ізтұрған Баймұханов еңбек дауларының алдын алу мен оларды шешу жөнінде қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде кәсіподақ қозғалысын әрі қарай дамытудың жоспары туралы мәлімет берді.

ҚР Энергетика министрі Н.Ноғаев мұнай-газ саласында еңбек ететін жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталған кәсіподақтың бастамасын құптады. Бұл, әсіресе, пандемия салдарынан туындаған дағдарыс кезінде өзекті болып отыр.

Әңгімелесу соңында тараптар ортақ мүддені көздейтін ауқымды мәселелер бойынша жасалатын тығыз байланыстарды жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.