«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының кәсіподақ мүшелерімен кездесті

Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына арналған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бейнеконференция арқылы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының  бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 185 жылға   жуық тарихы бар Қазақстандағы ең көне мұражайлардың бірі. Мұражай директорының уақытша міндетін атқарушы Ажар Берікқалиеваның айтуынша,  мұражай 18 бөлімнен және  8 тақырыптық-экспозициялық залдардан тұрады. Олар: «Археология»  залы, «Жайық қалашығы тарихы» залы, «Қазақ хандығы мен Бөкей Ордасы тарихы» залы, «Жауһар жәдігерлері» залы, «ХХ ғасыр тарихы» залы, Көрме (бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның полиэтностығының тарихы) залы, «Өнер» залы,«Елбасы және Тәуелсіздік» залы. Бүгінгі күні мұражай қорында 180 мыңнан астам жәдігерлер сақтаулы.

Мұражайдың аға ғылыми қызметкері, кәсіподақ комитетінің мүшесі Яна Лұқпанованың атап өткендей, мұражайдағы бастауыш кәсіподақ ұйымының тарихы бір ғасырға жуықтайды. Мұражай қызметкерлері саны – 235. Олардың 98%-ы кәсіподаққа мүше. Ұйым 2017 жылы мәдениет мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында ұйымдастырылған республикалық байқаудың жеңімпазы. Яна Лұқпанова бұдан соң мұражай құрамына 2019 жылы қосылған, ғылыми зерттеулермен айналысатын Тарих және археология бөлімінің жұмысына тоқталды.

Атап өту керек,  Яна Лұқпанова «Алтын ханшайымды» тапқан археолог. 2012 жылдың күзінде Теректі ауданы «Тақсай оба кешенінен»  қазып алынған Тақсай ханшайымы  б.з.д. 4-5 ғасырларда ерте темір сақ-сарматтар дәуіріне тиесілі құнды жәдігер. Яна Лұқпанова кездесу қатысушыларына  аталған кешеннен табылған осы және өзге де құнды жәдігерлер туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.  Археолог бұдан соң Орал тарихының 700 жылды қамтитынына дәлел болатын өңірдегі Жайық қалашығы  сияқты басқа да тарихи-мәдени ескерткіштер, бөлімнің оларды зерттеп-зерделеуге  бағытталған жемісті халықаралық қарым-қатынасы мен осы тарихи-мәдени мұралармен өскелең ұрпақты жете таныстыру жолындағы мәдени-ағартушылық жұмыстары туралы баяндады.

Кездесуде мәлім болғандай,  мұражай жаңа ғимаратқа мұқтаж. «Материалдық-техникалық база ескі. Осының кесірінен қор жұмысы ақсап тұр, археологтарға да лайықты еңбек жағдайы жасалған деп айтуы қиын. Мұражай ісі саласы жалақы мардымсыздығынан жастарға қызық емес.  Салдарынан салада кадр тапшы, ұрпақтар сабақтастығы жоқ», – деді Яна Лұқпанова.

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Светлана Иманқұлова Яна Лұқпанованың айтқаны ащы шындық дей келе, сала мамандарын мазалаған мәселелерді бірер жыл бұрын жоғарғы заң шығарушы орган – парламентте де көтергенін еске салды.

Салалы кәсіподақ төрайымы «Үкіметтің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» №1193 қаулысына сәйкес базалық лауазымдық жалақы 17 697 теңгені құрайды.  Бұл қаулы еңбек заңнамасына қайшы. Себебі Еңбек кодексінде де, «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңында да базалық лауазымдық жалақы деген ұғым жоқ. Мен мұны он жылдан астам уақыттан бері көтеріп келемін. Елде ең төменгі жалақы осы салада. Сондықтан базалық лауазымдық жалақыны ең төменгі жалақы мөлшеріне дейін көтеру қажет иә болмаса оның күшін жойып,  ХЕҰ-ның «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын және «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» №102 конвенцияны ратификациялау бойынша жұмыс жасауымыз қажет»  дегенді айтты. Сонымен қатар, ол тарихи-археологиялық орталықтар мен мұражайларда жұмыс істейтін магистр дәрежесі бар мамандарға тиісті қосымша ақы төлеу мәселесін көтеріп, «Кәсіподақтар жұмысының қыр-сырына қанық, өз ортамыздан шыққан ҚР Парламент Мәжілісінің депуттары  сала мамандарының  өзекті мәселелерін өз мінберлерінде бүкпесіз айтып,  нақты көмек көрсетсе» деген тілегін жеткізді.

Өз кезегінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жоғары баға бағалап,  еңбек ұжымына Еділ-Жайық өлкесіндегі тарихи-мәдени мұраларды  саф ал­тындай сақтап, жаңғыртып, келер ұрпаққа  аманаттап жүргендері үшін алғысын білдірді. «Ел үшін жауапкершілігі зор игі істі атқарып жүрген мұражай мүшелерінің бүгінгі ұсыныс-пікірлері біздің назарымыздан тыс қалмайды», – деп сендірді депутат.

Кездесуді қорытқан ҚРКФ төрағасының Нұрлан Өтешев рухани байытқан кездесу үшін бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне ризашылығын білдірді.

«Сіздер Мәңгілік елдің іргетасын қалауға атсалысып жатырсыздар. Киелі Жайық жерінің тарихына қосып жатқан жемісті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын.  ҚРКФ  тарапынан мұражайдың техникалық-материалдық базасына қатысты жанайқайларыңызды облыстық әкімдік назарына жеткізуге ықпал ететін боламыз», – Нұрлан Өтешев.

ҚРКФ төрағасының орынбасары  «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте»  атты 2020-2025 жылдарға арналған стратегияда Федерацияны жаңғырту жолдары қарастырылып, жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдірудің мақсат-міндеттері айқындалғанын еске салды.

Нұрлан Өтешев  Бас Кеңес оларды жүзеге асыру жоспарын қабылдап, Атқарушы комитет биылғы жылы атқарылатын жұмыстарды анықтағанын айта келе,   «Өздеріңізге мәлім, биыл жаңа Бас келісімге қол қойдық. Оған еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру нормалары енгізілді.  Жалпы стратегия федерация жұмысына тың серпін беруде.  Стратегияның аты айтып тұрғандай, әділеттілік пен дамуға бәріміз бірге қол жеткіземіз деген үміттемін»,-деді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы