Батыс Қазақстан облыстық «Жастар үйі» ғимаратында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы мен Батыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты құттықтау шарасы өткізілді. Аталмыш шараға өңір басшысы Ғали Есқалиев, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Махамбет Құсайынов және денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген білікті мамандар мен ардагерлер, өз ісінің үздігі атанып үлгерген жас мамандар, халық алғысына бөленген сала қызметкерлері қатысты.
Мереке қарсаңында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің ұсынбасы бойынша өңірдегі денсаулық сақтау саласының бірқатар мамандарына ҚР Денсаулық сақтау министрі атынан «Еңбек ардагері» төсбелгісі және алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсеновтің атынан төрт қызметкерге «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалы қоғамдық бірлестігінің «Үздігі» төсбелгілері табысталып, Құрмет грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды.
Шара барысында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Махамбет Құсайынов:
– Қоғам алдындағы беделдері мен жауапкершіліктерін абыроймен алып жүрген ақ халаттылардың еңбегі – жанқияр еңбек. Әсіресе пандемияда үй көрмей, өзінің жеке қуаныштарынан бастартып науқастардың қасында 24 сағатын өткізген медицина қызметкерлеріне халықтың да сыйластығы мен қамқорлығы ерекше. Еңбек адамын ұлықтауға, шынайы еңбекті насихаттауға келгенде кәсіподақ әрдайым алдыңғы қатардан табылатынын еске саламын, – дей келе, сала мамандарын өзінің атынан Құрмет грамоталармен, алғыс хаттармен марапаттады.