Елордалық кәсіподақ мүшелерін оқыту жалғасуда

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелері бойынша кәсіподақ активіне арналған онлайн оқыту-семинары өткізілді.

Оған елордалық кәсіподақ мүшелері, соның ішінде теміржол, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалық кәсіподақтарының өкілдері қатысты.

Семинарда ҚР Кәсіподақтар федерациясының Ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ляззат Есжанова дәріс оқыды.

Екі сағатқа созылған семинарда Л.Есжанова кәсіподақтардың құқықтық қызметінің негізі, еңбек дауларын шешу және келісім комиссияларының жұмысын ұйымдастыру жөнінде толығырақ баяндады. Соның ішінде, жеке еңбек даулары, жеке еңбек дауын қарау тәртібі, келісу комиссиясы шешімінің мазмұны мен оны қабылдау тәртібі айтылды.

Сондай-ақ, дәріскер 2020 жылғы 4 мамырдағы ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндіріп, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, еңбек қатынастарының туындау негіздері, еңбек шартын жасасу, өзгерту және толықтыру тәртібі, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу негіздеріне кеңірек тоқталды.

Оқыту семинарына қатысушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.