Ақтөбеде мұнай-газ саласындағы компаниялардың кәсіподақ жетекшілері ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесті

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманғали Бердалин мен Ғалымжан Елеуов облыстық, салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларымен кездесті. Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев депутаттарға еңбек ұжымдарында қалыптасқан өзекті мәселелер бойынша ақпарат берді.

Кездесуде халық қалаулылары мен кәсіподақ көшбасшылары өңірдегі еңбек ұжымдарының әлеуметтік-экономикалық жағдайлары бойынша пікір алмасты. Осыған дейін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Темір ауданы аумағындағы Жаңажол, Кенқияқ, Саркөл ауылдарына барып, тұрғындармен кездесіп қайтқан.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Бастауыш ұйым жетекшілері тарапынан вакцина мен ПЦР-тест ақысын жұмыс беруші есебінен іске асыру жайы айтылды.

Бір қуантарлығы, өңірде мұнай-газ саласындағы компанияларда жұмысшылар өз бастамаларымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құруда. Дені «Yntymaq» салалық кәсіподағының құрамына енуде. Алайда, олардың жұмыстарына жұмыс беруші тарапынан кедергілер көп. Бұл мәселені Парламент депутаттары тиісті деңгейде қарайтындықтарын айтты. Сонымен қатар, қытайлық компанияларға квотаны азайту мәселесі, шетелден келетін жұмыс күшін азайтып, есесіне олардың есебінен отандық жұмысшыларды оқытып, кәсібилігін арттыратын мүмкіндік қарастыру жайы жан-жақты айтылды.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары кездесуде айтылған ұсыныстар мен пікірлер аяқсыз қалмайтындықтарын жеткізді.