Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбековтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Оған елордалық Кәсіподақтар орталығының, Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясының, қалалық кіріс департаментінің, еңбек инспекциясының, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ филиалының басшылары мен жұмысшылар алдында жалақы бойынша берешегі бар және кәсіпорындарда өндірістік жарақаттанушылық тіркелген жұмыс берушілердің өкілдері қатысты.
Отырыста жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы, жалақы бойынша берешектерін өтеуі, сондай-ақ өндірістік жарақаттану және еңбек нарығындағы жағдай туралы мәселелер қаралды.
Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 5 кәсіпорында 64 қызметкер алдында жалақы бойынша берешек 38,8 млн. теңгені құрап отыр.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қызметкерлер алдындағы жалақы бойынша берешекті өтеу бойынша осы кәсіпорындарға қатысты жұмыс жүргізуде. Соның ішінде бір кәсіпорынның басшысына қатысты материалдар қылмыстық іс қозғау үшін Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне жолданған.
Қазіргі таңда банкроттық және оңалту сатысындағы 4 кәсіпорынның 11 қызметкерге берешегі 12,4 млн.теңгені құрап отыр. Бұған дейін банкрот кәсіпорындардағы жалақы бойынша берешек 62 қызметкер алдында 541,5 млн.теңгені құраған екен. Қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша жалақы бойынша берешекті 521 млн.теңгеге төмендетуге қол жеткізілген.
Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша ағымдағы жылы 236 млн.теңгеден астам жалақы бойынша берешек өтеліп, осылайша 869 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды.
Ағымдағы жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуын бақылау барысында 136 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Барлық фактілер бойынша бұзушылықтарды жою талабымен 74 ұйғарым беріліп, 26 заңды және лауазымды тұлға 5,6 млн.теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2021 жылдың басынан бастап 125 жұмыс беруші қызметкерлерді алдын-ала жұмыстан босату туралы 2226 адамға хабарлама ұсынды. Қызметкерлердің санын немесе штатын қысқарту бойынша іс жүзінде 74 ұйымда 403 қызметкер жұмыстан босатылды.
Жұмыстан босатылған 403 қызметкердің 195 – і жұмысқа орналастырылған, 14 адам зейнеткерлікке шыққан, 18 адам басқа өңірлерге қоныс аударған, 3 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілген, 2 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтуде және 171 адам жұмыс іздеуде (жұмыстан босатылған қызметкерлер жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алады-79 адам).
Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында жазатайым оқиғалардың нәтижесінде 18 қызметкер зардап шекті, оның ішінде 5 адам қаза тауып, 13 адам ауыр жарақат алды.
Өндірістік жазатайым оқиғалардың орын алуына жұмыс өндірісінің лайықты ұйымдастырылмауы, еңбекті қорғау бойынша жұмыскерлерді даярлауды ұйымдастыру мен жүргізудегі кемшіліктер, ақаулы жабдықтарды пайдалану, құрылыс объектілерінде уақытша қоршаулардың болмауы себеп болып отыр.
Отырыс соңында жұмыс берушілердің еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігіндегі еңбек заңнамасының сақталуы мен нормаларына бақылауды күшейту, өндірістік жарақаттың алдын алу бойынша тиімді шаралар қабылдау, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы және Ұлттық Конфедерациямен бірлесе отырып, елорданың кәсіпорындарындағы жұмыс берушілері мен еңбек ұжымдарында еңбек заңнамасы бойынша ақпараттық- түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.