Елордалық кәсіподақтар жарты жылдың қорытындысын шығарды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығы Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Кездесуге ҚРКФ төрағасының орынбасарлары Гүлнәр Жұмагелдиева мен Нұрлан Өтешев, ҚРКФ төрағасының кеңесшісі Біржан Нұрымбетов, сондай -ақ Үйлестіру кеңесінің мүшелері мен елордалық ірі кәсіпорындарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Отырыста Нұр-Сұлтан қаласындағы кәсіподақтар орталығының 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындысы, салалық кәсіподақтар филиалдары қызметінің өзекті мәселелері талқыланды және ҚРКФ-ның «Ем ал! Демал! Білім ал! » атты жаңа жобасы таныстырылды.
«Нұр-Сұлтан» кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Қүнаділовтің айтуынша, бүгінде елордада 10 салалық кәсіподақ, 508 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Олар жалпы саны 114132 кәсіподақ мүшесінің басын біріктіріп отыр. Бұл қаладағы жалдамалы жұмысшылар санының 21% -ын құрайды. Кәсіподақ орталығының мәліметінше, жыл басынан бері 714 кәсіподақ мүшесін қамтитын 13 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.
«Бүгінде әрбір жұмысшы кәсіподақтар еңбекке қабілетті адамдардың мүдделерін қорғайтынын, құқықтарын іске асыруға жәрдемдесетінін, олардың еңбек жағдайларын жақсартатынын және лайықты жалақымен қамтамасыз ететінін түсіне бастады»,-деді Төлеген Қүнаділов.
Кәсіподақтар орталығының төрағасы биыл 17 мамырда қол қойылған 2021-2023 жылдарға арналған қалалық үшжақты келісім аясындағы әлеуметтік әріптестікке ерекше тоқталды.
«Әлеуметтік әріптестік тараптары қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, ұжымдық шарттар жасау және еңбек дауларының алдын алу бойынша бірлескен шараларды қабылдауда», – деді кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестік аясында жалақының уақытылы төленуі үнемі бақылауда.
Төлеген Қүнаділовтің айтуынша, биылғы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 5 кәсіпорындағы 64 қызметкерге 38,8 млн. теңге жалақы берешегі болды.
«Әкімдіктің жанында жалақы мәселесін қарастыратын және еңбек қатынастарын реттейтін тұрақты жұмыс тобы бар. Биыл жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша 236 миллион теңгеден астам жалақы берешегі өтелді, осылайша 869 қызметкердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды», – деді ол.
Еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне келетін болсақ, Нұр-Сұлтан кәсіподақтар орталығының төрағасы бірінші жартыжылдықта елордадағы жазатайым оқиғалар салдарынан 18 жұмысшының жарақат алғанын, оның ішінде 5 адам қайтыс болғанын, 13 адам ауыр жарақат алғанын айтты.
«Адам өліміне әкелген 5 апаттың барлығы кәсіподақтар жоқ құрылыс алаңдарында болды. Өндірістік жарақаттарға талдау көрсеткендей, апаттардың негізгі себептері – жұмыстың қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйымдастырылуы, еңбекті қорғау бойынша біліктілікті көтерудегі кемшіліктер, ақауы бар техниканы пайдалану, құрылыс алаңдарында уақытша қоршаулардың болмауы», – деп толықтырды Төлеген Қүнаділов өз сөзін.
«ҚАЗКӨЛІККӘСІПОДАҒЫ» астаналық филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев өз сөзінде сала кәсіпорындарындағы әлеуметтік шиеленісті бақылау жұмыстары туралы айтты.
Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы филиалы төрағасының орынбасары Әлібек Саттаров ҚР кәсіподақтар федерациясы стратегиясының міндеттерін іске асыру шаралары туралы баяндады.
«Yntymaq» шағын және орта кәсіпкерлік салалық кәсіподағының қалалық филиалының төрағасы Хансейіт Бөлен кәсіподақ қызметіне жаңа технологияларды енгізу және кәсіподақтар қатарына жұмысшыларды тарту әдістеріне тоқталды.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Ем ал! Демал! Білім ал! » жаңа кәсіподақ жобасын таныстырды.
Жобаның мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің тәні мен жанын сауықтырып, кәсіби біліктіліктерін арттыру.
«Білім беру және сауықтыру жобасы биыл пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының негізінде іске қосылды. Жаңа жоба кәсіподақ мүшелеріне орталықта он күндік емді кәсіподақтық біліммен сабақтастыруға мүмкіндік береді», – деді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.
Кездесуді қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева елордалық кәсіподақ ұйымдарының жұмысындағы маңызды нәтижелерге тоқталды.
Ол сондай-ақ ҚРФК қызметінің 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру аясындағы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттары туралы айтты.
«Кәсіподақтар федерациясы өз жұмысын Стратегия аясында жалғастыруда, «Заң клиникасының» жұмысы басталды. Жоғарғы Сотпен жасалған меморандум шеңберінде барлық өңірлерде Татуласу орталықтары жұмыс істейді, еңбек заңнамасын қолдану бойынша әділет органдарымен өзара іс -қимыл жандануда», – деді Гүлнәр Жұмагелдиева.
Ол федерацияның әлеуметтік әріптестік пен халықаралық байланыстарды нығайту, еңбек заңнамасын жетілдіру, кәсіподақ белсенділерінің біліктілігін арттыру және осы саладағы тағы да басқа бастамаларға ерекше назар аударды.