Кәсіподақтық білім марафоны Алматы облысында

Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ мүшелерінің келіссөз жүргізу дағдыларын жетілдіруге бағытталған онлайн білім марафоны жалғасуда.
Бүгін кәсіподақтық лекторлар Алматы облысындағы кәсіподақ мүшелері мен көмір өндірушілердің «Қазкөміркәсіподағы» салалық кәсіподағының белсенділеріне дәріс оқыды.
Семинарды Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ашып, кәсіподақ кадрлары арасында жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру – ҚРКФ-ның «Әділеттілік пен дамуға -бірлікте» атты 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясындағы басты міндеттердің бірі екенін еске салды.
Нұрлан Өтешев бұдан соң қатысшуларға «Ем ал! Демал! Білім ал!» атты жаңа кәсіподақ жобасын таныстырды. Жоба кәсіподақ мүшелеріне Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» жеке қайырымдылық қоры жанындағы медициналық оңалту орталығында 10 күн ем алуға мүмкіндік береді.
«Оңалту 10 түрлі тақырыптағы 10 сағаттық кәсіподақтық біліммен ұштастырылады. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі де осында. «Адал Ниет Астана» жеке қайырымдылық қоры жанындағы медициналық оңалту орталығы заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған және қызметкерлерінің біліктілігі де жоғары деңгейде. Сондықтан кәсіподақ мүшелерін осы бірегей жобаға белсенді түрде қатысуға шақырамыз. Сіздер 10 күнде ем алып, демалып қоймай, кәсіби біліктіліктеріңізді шыңдап қайтасыздар», -деді төраға орынбасары.
Федерацияның Ұйымдастыру-кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары, кәсіподақтар жүйесінде 30 жылдық тәжірибесі бар Ләззат Есжанова семинар қатысушыларына еңбек заңнамасын пайдалану тәжірибесі туралы баяндап берді.
«2007-ші жылдан 2016-ші жылдың 1-ші қаңтарына дейін қолданыста болған ескі Еңбек кодексі әлеуметтік бағытта болатын. Оны жасауға Кәсіподақтар федерациясы белсенді түрде ат салысты. Кәсіподақтар қолданыстағы кодекстің де жазылуына қатысты. Бірақ бұл кодекс 2,5 айдың ішінде жасалды. Ал ескісін жазуға 3,5 жыл уақыт жұмсалған болатын. Егер салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, қолданыстағы кодекс бұрынғысынан кемшін. Оған кәсіподақтар 300-ден астам өзгеріс енгізген еді. Дегенмен біз қолданыстағы еңбек заңнамасымен өмір сүру керекпіз. Кәсіподақтар қазіргі кодекске де өзгерту енгізу бойынша жұмыс жасауда. Бүгіннің өзінде кейбір нормалар жақсартылған»,- деді өз сөзінде Ләззат Есжанова.
Ол сонымен қатар, қолданыстағы кодекс ұйым, кәсіпорын деңгейінде жергілікті құқықтық акт – ұжымдық келісім-шарт негізінде өзін-өзі реттеуге бағытталғанын ескертті.
«Яғни кодекстегі белгілі бір минимум бар. Оны бұзу, еңбек құқықтарын, еңбек заңнамаларын бұзу деп есептеледі. Ал бұл миниммумды жақсартуға Бас келісім, салалық, өңірлік, ұжымдық келісімдер арқылы мүмкіндік бар» деп толықтырды өз сөзін Ләззат Есжанова.
«Кәсіподақтар қызметінің негізгі қағидалары және еңбек қатынастарын реттеу тәжірибесі» Қызылорда облысындағы АКБ-нің бас маманы Майра Боранбаеваның дәрісінде жан-жақты қозғалды.
«Кәсіподақ белсенділері қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының 86%-ы пайызы жұмыстан бастылмаған. Олар әр саланың өкілдері. Дегенмен өз ұжымының сенімін арқалап жүр. Сондықтан олардың еңбек заңнамаларындағы өзгерістерді уақытылы біліп отыруында кәсіподақтық онлайн білім марафонының маңызы зор. Бір жағынан бұл бәріміз үшін тәжірибе алмасу алаңы»,- деді Майра Боранбаева.
100-ге жуық кәсіподақ активі қатысқан семинар бас-аяғы үш сағатқа созылды. Осы уақыт аралығында олар аталған тақырыптар бойынша теориялық тұрғыдан толыққанды мағұлымат алып қоймай, тәжірибеде қолдану жолдарынынан да хабардар болды.