Еңбеккер бейнесінде – Дөң тау-кен байыту комбинаты жөндеу-цехының сылақшысы Ғалия Тұрышева

Құрылысшы десек, бірден кранмен биікте жүріп, кірпіш қалаған ер адамдар есімізге түседі. Алайда, іргетасы қаланып, шатыры жабылған нысанның ішкі жұмыстарын бір деммен бітіріп отыратын нәзік жандылардың да осы салада жүретінін байқай бермейміз. ERG құрамындағы»Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты жөндеу-цехының сылақшысы Ғалия Тұрышева – құрылыстың қазанына 36 жылын арнаған қызметкер. Құрылыстағы еңбегі еленіп, «Жигули» мініп, талай алғыс хаттардың иесі атанған сылақшы елудің бесіне жақындапты.
«Қыз-келіншектерге ауыр соғатын құрылыс жұмысына қалай келдіңіз? Осы мамандықты өз қалауыңызбен таңдадыңыз ба, әлде кездейсоқ келдіңіз бе» деген сұрағымызға өз ісінің шебері ойланбастан «Әрине, өз жүрек қалауыммен келдім» деп жауап берді.
Ауылдан қалаға қоныс аударған Ғалия апасының ақыл-кеңесімен Дөң тау-кен байыту комбинатының жөндеу-құрылыс цехына жұмысқа тұрады. Шамалы уақыт жұмыс істеп, кейін оқуға тапсыруды жоспарлаған ол сылақшы жұмысын одан әрі ұнатып, бір орыннан тапжылмай, оқуға да түспей, осы цехта жұмысын жалғастыра береді.
Сексен бестен бастап кәсіпорынның өміріне тікелей атсалысып, құрылыстардың басы-қасында әлі күнге дейін келе жатыр. Жөндеу-құрылыс цехында Ғалия секілді отыз бес шақты әйел ерлермен бірге иық тіресе жұмыс істеп келеді.
– Цехқа алғаш келген кезімде Людмила Ивановна Александрованың бригадасында сылақшы болдым. Ол кезде біз Хромтауда зейнеткерлерге арнап пәтерлерді жөндеуден өткіздік. Бұрынғы Ленин көшелерінде құрылыстың қайнап тұрған шағы. Одан соң, пионерлер лагері «Мұғалжарды» сала бастадық. Ол кездің жастары еңбекке төселген. Шаршауды білмейтін едік. Мұндағы жинаған тәжірибеміз екі мыңыншы жылдары жүргізілген қаланың ең үлкен нысандарында біраз көмек болды, – деп қайсар әйел өткен жылдарын есіне алды.
Комбинатта 25 цех, одан бөлек, аудандағы мешіт, шіркеу, дене шынықтыру және сауықтыру, «Еуразия» медициналық орталықтары, «Балдәурен» балалар ойын-сауық орталығы сынды әлеуметтік нысандар мен «Кірпіш» зауытының ғимарат қабырғаларына Ғалияның да салалы саусақтары мен теп-тегіс алақаны тиген. 36 жыл қолынан қалақша түспеген білікті жұмысшының еңбек жолында – 2001 жыл қалың қаріппен жазылғанын білдік.
– Осы жылы бізге қазіргі Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтадан бастап, бірнеше нысандарды қатар тапсыру керек болатын. Мен үшін ең үлкен нысан – осы шахта еді.Жүктелген міндет ауыр болғанымен, үлгеріп тапсыруға талпындық. Тіпті, құрылыс басында түнеп істеген күндеріміз де болды. Ұжымның бірлікте жұмыс істеуі – көздеген мақсатымызға жеткізіп, бір жылда жаппай бірнеше ғимаратты тапсырдық, – деді кейіпкеріміз.
Күні бүгінге дейін кәсіби мерекелерінде Алғыс хатқа ие болып, сылақшы мамандығының жемісін көріп келеді.
Бұл нысандар аяқталған соң, комбинаттың қызметкерлеріне арналған көпқабатты үйлер тұрғызыла бастады. Бүгінгі күнге дейін салынған Хромтаудағы тоғыз үйдің сылау-ақтау, кафельдеу жұмыстарында Ғалиядай қыз-келіншектірдің еңбегі сіңген.
Айтпақшы, «Қазхром» тарихындағы ең елеулі оқиға – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №4 балқыту цехының құрылысында Ғалия да болды.
Қала мен кәсіпорынды құрған Ғалия Тұрышева сынды сылақшылар мен құрылысшылар қауымына кейде бүкіл Хромтау бас иіп тұрғандай көрінеді.