“Күн санап күмән-күдігі сейілмей тұрған “Сovid-19″-дың шалғайдағы елді-мекендерге зардабы қандай?! Ол жақтағы денсаулық сақтау саласы мамандарының жасап жатқан жұмыстары қалай жүріп жатыр?!” Осы секілді өзекті мәселелердің төңірегінде әңгімелесу үшін “Senim” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Асылхан Абылайханұлы Жалағаш аудандық ауруханасына қарасты бірқатар ауылдық амбулатория жұмыскерлерімен кездесті.
Мырзабай-Ахун ауылдық дәрігерлік амбулаториясы мен Ақсу ауылдық дәрігерлік амбулаториясындағы кездесуде филиал төрағасы ұжым мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, облыстық кәсіподақтармен атқарылған жұмыстар мен құқықтық мәселелер бойынша бірқатар мағлұматтармен бөлісті.
Филиал төрағасы шалғайдағы ауылдардағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек жағдайлары салалық кәсіподақтың жіті назарында екендігін атап өтіп, жұмыскерлерге кәсіподақтар тарапынан құқықтық, әлеуметтік көмектердің қолжетімді болуы маңыздылығына тоқталды.
“Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген әрбір медицина маманы үлкен құрметке лайықты!” – деді филиал төрағасы Асылхан Абылайханұлы.