Білім беру мекемелеріне қоғамдық бақылау жүргізілді

«Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Жадыра Таңатарова және Ноян Төлегеновпен бірге қалалық Білім басқармасына қарасты Еңбекші ауданында орналасқан бірқатар білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы барысына қоғамдық бақылау жүргізді.

Мониторинг тобы N24 мектеп-лицейіне барып, жаңа оқу жылына толыққанды дайын екеніне куә болды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары толығымен біткен. Білім ордасында “Ashyq” қосымшасы орнатылған, дене қызуын өлшеу, антисептиктердің, жеке және ұжымдық қорғаныс заттарының болуы мен олармен қамтамасыз етілу жағдайы санитарлық талаптар бойынша білім беруге дайын екенін көрсетті.

Мектептегі техникалардың барлығы жұмыс жасап тұр, тіпті бастауыш сыныптары дайындық сабақтарын алып жатыр.

Бұдан бөлек, мониторинг тобы Ы.Алтынсарин атындағы N65 мектеп-лицейінің дайындығын бақылады. Мектеп басшылығы тамыз айының 20-на қарай толық дайын болатынын жеткізді. Басты себеп – құрал-жабдықтардың кешігуі болып отыр.

Мониторинг жұмыстары аясында N46 мектеп-лицейінің оқушыларды қабылдауға дайындығы мониторинг тобы мүшелерінің көңілінен шықпады. Дегенмен, мектеп басшылығы тамыздың аяғына дейін дайын болады деп сендірді. Оларға дайындық барысын тездету бойыншы ұсыныстар жасалып, қайта мониторинг жүргізілетіні туралы ескертілді.

Айта кетейік, жоғарыда аталған білім ұяларының қызметкерлері Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Шымкент қалалық ұйымының құрамына кіреді. Мектеп басшылары кәсіподақ тарапынан көптеген әлеуметтік қолдаулар көрсетілетінін айтты.