Дәулеталин: “Еңбек даулары жүйелі шешімдерді талап етеді”.

Бүгін Маңғыстау облысы кәсіподақтарының аумақтық құрылымдарының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, төрағаның кеңесшісі Біржан Нұрымбетов, орынбасарлары Гүлнәр Жұмагелдиева мен Нұрлан Өтешев, Маңғыстау облысындағы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы, сондай -ақ облыстың салалық кәсіподақтары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары филиалдарының төрағалары қатысты.

Алдымен Кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы жарты жылдағы жұмысы туралы есеп берді. Оның айтуынша, Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы өз қызметін кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясы негізінде әзірленген 2021 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асыруда.

Маңғыстау облысында салалық кәсіподақтардың 38 аумақтық құрылымы ашылған. Жалпы саны 100 мыңнан асатын кәсіподақ мүшесі бар 695 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді, облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында жұмысшылардың кәсіподақ мүшелігімен қамту 31,2%-ды құрайды.
Маңғыстау облысы салалық кәсіподақтары аумақтық құрылымдары өкілдерінің Үйлестіру кеңесінің отырыстары тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі. Биыл 3 отырыс өткізіліп, онда 14 мәселе қаралған.

Кәсіподақ ұйымдары үшін қоғамдық диалогтың арнайы институты – әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты өңірлік комиссия. 2021 жылы 29 сәуірде 2021-2023 жылдарға арналған Өңірлік келісімге қол қойылды. Бүгінгі күні облыста осындай комиссиялардың 87 отырысы өткізілді, онда 166 мәселе қаралды. Ал облыстық үшжақты комиссияның 14 отырысы өткізіліп, онда 45 мәселе қаралды. Олар негізінен жалақы бойынша берешек, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек даулары, жұмысшыларды босату, аймақтағы еңбек қатынастарының жалпы жағдайына қатысты болды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің сайтында «Әлеуметтік әріптестік» жеке бөлім ашылып, онда аймақтық келісім жарияланады, үшжақты комиссия отырыстарының материалдары мен хаттамалары орналастырылуда.
Шадрах Ермекбайұлының сөзінше, жалақы берешегі бойынша Кәсіподақ орталығы Маңғыстау облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы бөлімімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Бүгінгі күні облыста жалақы бойынша берешек жоқ.

Жыл басынан бері облыста 30 -дан астам еңбек дауы тіркелген. Еңбек дауларында жұмыскерлер жалақы мөлшерін көтеру, еңбек жағдайын жақсарту, зиянды еңбек жағдайлары үшін өтемақы, мереке күндеріне сыйақы төлеуді талап етті.

“Бүгінгі күні барлық еңбек дауларының 90% -ы жұмыскерлердің пайдасына шешілді. Тұрақты жүргізілген жұмыстарға қарамастан, облыстың 2 кәсіпорнындағы еңбек дауы шешілмей тұр. Олар: “Технотрейдинг” ЖШС мен “МАЭК-Қазатомөнеркәсіп”. Қазір екі мекемеде келіссөздер жүргізілуде, жұмыс беруші бұл дауды шешу үшін Татуластыру комиссиясын құрды”,-деді кәсіподақ орталығының төрағасы.

Кәсіподақ орталығы салалық және жергілікті кәсіподақтармен бірлесім еңбек дауларының алу мен шешу және әлеуметтік шиеленіс қаупін төмендету бойынша күнделікті мониторинг жүргізеді. Осының арқасында облыстағы 36 кәсіпорында еңбек дауларының алды алынды.

Осы жылдың 6 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында жазатайым оқиғалар саны төмендеген. Атап айтқанда, биыл жарты жылда 13 жазатайым оқиға тіркелген. Мұндай оқиғалардың санын азайту мақсатында осы жылы 2021-2023 жылдарға арналған “Қауіпсіз еңбек” бағдарламасы қабылданды.

Кәсіподақтар үшін маңызды мәселе – жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Биыл жыл басынан бері 2680 кәсіподақ активін қамтыған 44 семинар өткізілген.

АКБ Заң клиникасы, Татуластыру орталығы, қоғамдық қабылдаудың жұмысын жандандыруда. Татуластыру орталығы жыл басынан бері 4 өтінішті қарап, оның ішінде 2 өтініш бойынша медиациялық келісім жасалды. Бұған қоса, бірлестік салалық кәсіподақтармен “Көшпелі қоғамдық қабылдаулар” өткізген.

“Біз осындай 20 қабылдау өткіздік, оның ішінде облыстың басқа қалалары мен аудандарында орналасқан (Жаңаөзен, Жетібай) бастауыш ұйымдарға бардық. Бұл қабылдауларда көтерілген сұрақтардың 85%-ы еңбек заңнамасын бұзуға, жалақының төмендігіне, ұжымдық шарттың орындалмауы, еңбек қауіпсіздігіне қатысты болды. Мұндай кездесулердің негізгі жағымды жақтарының бірі – бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелерімен кері байланыс орнатылды. Жалпы биылғы жылдың 6 айында бізге 60 -қа жуық өтініш түсті. Оның 35 -і жалақы мөлшеріне қатысты болды”,-деді АКБ төрағасы.

Отырысқа қатысқан “SENIM” денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” аймақтық қоғамдық ұйымы филиалының төрағасы Сәкен Мырзақұлов, Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы филиалының төрайымы Тарбие Анайбекқызы, “Өзенмұнайгаз” АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наурыз Сақтағанов, «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы »қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айтбай Құжықов жарты жылдағы атқарған жұмыстарының есебін берді.

Кездесуді қорытындылай келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыста еңбек дауларының өршіп тұрғанын айтып, оларды шешудегі Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Шадрах Ермекбайұлының еңбегін ерекше атап өтті. ҚРКФ төрағасы “Еңбек даулары жүйелі шешімді талап етеді. Әзірге еңбек дауларын шешу – өртті жедел сөндіруге тең болып тұр. Еңбек дауларының қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан кәсіподақтардың рөлін арттыру керек, жұмыс берушілердің жауапкершілігін көтеру үшін оларға қолданылатын шаралардың ауқымын өзгерткен жөн. Жұмыскерлердің құқықтық сана-сезімінің төмен екенін де мойындауға тура келеді ,- деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы қолданыстағы заңнаманың еңбек дауларын шешуде тиімсіз екенін, талап қою және ереуіл жариялау процедурасын жеңілдету үшін Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екенін айтып, бұл бағытта федерацияда арнайы жұмыс тобы құрылғанын еске салып өтті.

Сонымен қатар, Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың жұмысын сынға алды. Шадрах Ермекбайұлына облыстағы ұжымдық шарттардың сапасына назар аударуды және бұл мәселені өңірлік үшжақты комиссия отырысының күн тәртібіне шығаруға тапсырды.

ҚРКФ төрағасы бұдан соң федерацияның  Бас кеңесі мен Атқарушы комитеті құрамындағы өзгерістер, халықаралық қатынастар бағытындағы жетістіктерге тоқталды. 8 қазан күні Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай өткізілгелі отырған Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының республикалық форумында Бастауыш кәсіподақтар ұйымы жылының қорытындысы шығарылатынын жеткізді.

Федерацияның 2020-2025 жылдарға арналған стратегияда айқындаған  міндеттерді орындап жатқанын айтты.

«Стратегиядағы басты міндетердің бірі – еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру. Біз бұл мәселені былтырғы съезден бері көтеріп келеміз. Ол Жолдауда қолдау тапты. Президенттің ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.  Бұл – біздің жетістік. Біздің ұстаным – оны кезең-кезеңмен ХЕҰ стандартына сәйкестендіру. Яғни орташа жалақының 50%-на жеткізу. Бірінші қадам жасалды. Сондықтан өз талабымызды күн тәртібінен түсірмейміз”,- деді төраға.

Сатыбалды Дәулеталин жұмыскерлердің өмір сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік әріптестермен “Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы” Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялау, ең төменгі жалақының мөлшерін айқындау әдістемесін бекіту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.