Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

2021 жылғы 17 қыркүйек күні «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Онлайн форматта өткен отырысқа ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бердіғали Өмірәлі, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев, салалық кәсіподақ филиалдары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

Үйлестіру кеңесінің күн тәртібінде «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің  2021 жылдың жарты жылында атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды.

Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бердіғали Өмірәлінің айтуынша, бүгінгі таңда Түркістан облысындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда 7 салалық кәсіподақтардың филиалдарына және 5 жергілікті кәсіподақтарға біріктірілген 815 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Кәсіподақ ұйымдарында 31256 кәсіподақ мүшелері бар.

Салалық кәсіподақтар тарапынан жыл басынан бері 14 мекемеде  бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, 645 адам кәсіподақ мүшелігіне тартылды.

Жыл басынан бері Үйлестіру кеңесінің 5 отырысы өтті.

2021-2023 жылдарға арналған Өңірлік үшжақты келісімде еңбеккерлерге лайықты еңбек жағдайларын жасау және жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, еңбек ұжымдарында келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін әлеуметтік әріптестік аясында тараптардың өзара іс-қимылы бойынша тұрақты түрде жұмыс атқару мәселелері қамтылған.

Әлеуметтік әріптестік шеңберінде жыл басынан бері үшжақты комиссияның 4 отырысы өткізілді, онда «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы»  аумақтық кәсіпорындар бірлестігінің бастамасымен бірқатар мәселелер қаралып, бүгінгі күні өз шешімін тауып отыр. Мәселен, «Састөбе цемент» ЖШС-да жүмыс орындарының қысқаруына байланысты мәселе туындаған кезде кәсіподақтардың араласуымен жұмыскерлер жұмыс орнындарында қалып, жағдай тұрақталды. Сондай-ақ, «Шардара автобус паркі» ЖШС-нің жүргізушілері айлық табыстарының төмен болуы салдарынан шиеленіс туындап, кәсіподақ орталығының араласумен айлық табыс көрсеткіштері 25 % көтерілді.

Кәсіподақ орталығы жұмысының маңызды бағыттарының бірі – жұмысшылардың қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету.  Осы себепті 2021 жылдың басынан бері Кәсіподақ орталығы және Еңбек инспекциясы департаментімен бірлесіп, мекемелерде еңбек және техника қауіпсіздігі бойынша 52 семинар оқыту жұмысы жүргізілді.

2021 жылдың 6 айында жұмыс орнында 42 адам жеңіл жарақат алған, қайтыс болғандар жоқ. Оның ішінде, 1 топтық жазатайым оқиғадан 3 адам зардап шеккен. Кәсіподақ ұйымдары құрылған барлық кәсіпорындарда әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдайға күнделікті мониторинг жүргізіліп отырады.

ҚРКФ «Заң клиникасы» жобасы аясында «Татуласу орталығында» қала тұрғындарына жүйелі түрде тегін консультативтік көмек көрсетіледі. 2021 жылы жалпы саны 78 адамға тегін кеңес беріліп, 54 келісім жасалған, оның 32-сі еңбек және 30-ы әлеуметтік даулар. Олардың ішінде, оң шешімін тапқандары – 54, бітімгершілікпен сәтті аяқталғаны – 19, құқықтық кеңес алғаны – 18, психологиялық көмек алғаны – 17.

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында 633 мекемеде  кездесулер болып, оның ішінде 76 мекемеде еңбек және техника қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Одан басқа, ҚРКФ басшылығының қатысуымен 3 онлайн кездесу өткізілді.

Отырыс барысында Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы, табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шалданбаевтың, Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы А.Манаховтың, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы өкілдігінің директоры Лаура Ақшегірованың баяндамасы тыңдалды.

Кездесуде сөз алған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Түркістан облысының кәсіподақтар орталығының құрылғанына көп болмаса да, үлкен жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясындағы шаралар туралы айта келе, ол бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларының қатысуымен форум өткізу жоспарда бар екенін айтты. Форум аясында биыл Кәсіподақтар федерациясы жариялаған конкурстардың жеңімпаздары марапатталады.

Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының орынбасары өңірдің кәсіподақ ұйымдарының жұмысына жоғары баға берді.