Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев Қазақстанның кәсіподақтар күні мерекесі қарсаңында облыстың кәсіподақ жетекшілерін арнайы қабылдады.
Облыс әкімі Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының тарихы ХХ ғасырдың басынан бастау алатынын атай келе, еңбеккерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаушы қазіргі кәсіподақ ұйымдары еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым, атқарушы билік пен жұмыс берушілердің әлеуметтік әріптесі, әрі сенімді серіктесі деп атап өтті. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген аталарымыздың қанатты сөзін тілге тиек еткен өңір басшысы облыстың дамуына қатысты алда тұрған мақсаттарға жету үшін біріге және түсіністікпен жұмыс атқару қажет деді.
Сол сияқты, кәсіподақ өкілдерін облыстық Мәслихаттың хатшысы М.Сарыбековте құттықтап, жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде М.Сарыбеков білім саласының кәсіподақ өкілдері облыстағы кәсіподақ мүшелерінің жартысынан астамын құрайтынын алға тартып, депутаттық корпус тарапынан ауылдық жердегі осы сала қызметкерлерінің коммуналдық шығындарына қаржы бөлу мәселесіне қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Өңірдің кәсіподақтар өкілдері атынан сөз сөйлеген Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Қарашолақов облыс басшылығына алғыс білдіріп, еңбек адамының заңды мүдделерін қорғауды басты мақсаты деп санайтын кәсіподақ ұйымдары жергілікті билікпен бірлесе жұмыс атқаруға әрдайым дайын екендерін жеткізді.
Салтанатты жиын барысында облыстың кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосып отырған азаматтарға Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Мәслихаттың Құрмет грамоталары табыс етілді.