Ақтөбеде кәсіподақ орталығы аудандардағы бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне атсалысуда. Әсіресе, аудандағы жұмыс берушілердің өздеріндегі бос орындарға сырттан жұмысшы алмай, жергілікті тұрғындармен қамтуына көңіл бөледі.
Мәселен, жуырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданында ұйымдастырылған бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 16 мұнай газ компанияларының өкілдері қатысып, бірден 8 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл кәсіподақ бастамасымен аудандарда өткізіліп жатқан үшжақты комиссиялардың көшпелі отырыстарының оң ықпалы нәтижесінде іске асты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бос жұмыс орындарын өткізудегі мақсат – жұмыссыз азаматтарды нәтижелі тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жұмыс берушілерді кеңінен тарту.
«Байғанин ауданы аумағында 16 мұнай газ кәсіпорындарының бөлімшелері жұмыс жасайды. Өндіріс орындарындағы жергілікті жұмысшылардың үлес салмағы – 15 пайыз ғана. Сондықтан жергілікті аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беру жайын кеңінен қолдап, әлеуметтік әріптестермен келіссөздер жүргізудеміз», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев.
Қазір өңірде жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары.