Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты Көкшетаудағы қалалық емханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.
Онлайн -сапар кезінде Ақмола облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов емхананың кәсіподақ ұйымы «2021 жылдың үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауының жеңімпазы екенін еске салды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерболат Темірбеков өз сөзінде медицина қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.
«Біздің емханаға биыл 32 жыл. Осы жылдары кәсіподақ ұйымы өз жұмысын бір күнге де тоқтатқан емес. Бізде кәсіподақ мүшелегімен қамту 100-ға пайызға жуық. Жалпы саны 749 болатын жұмыскерлердің 745-і кәсіподақ мүшесі. Кәсіподақ ұйымының жұмысы әлеуметтік -экономикалық жұмыстың міндеттеріне, әлеуметтік әріптестікті кеңейтуге негізделген », – деді Ерболат Темірбеков.
Ол сондай-ақ мекемеде қолданылатын 2020-2022 жылдарға арналған ұжымдық шарт туралы айтты.
«Бізде жүз пайызға жуық мүшелікпен қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі – бұл ұжымдық шартта қарастырылған әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктердің тек кәсіподақ мүшелеріне ғана қолданылатыны туралы тармақ. 2020 жылы ұжымдық шарт бойынша шығындар 5 660 949 мың теңгені құрады, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 3 497 188 мың теңге », – деді кәсіподақтың бастауыш ұйымының төрағасы.
Бұнымен қоса ұжымдық шартта жас мамандарға көтерме ақы, жұмыс берушінің есебінен тұрғын үйді жалдау ақысы, қызметкерлер мен олардың балаларына шипажайлар мен жазғы сауықтыру лагерлеріне жолдамаларды төлеуге материалдық көмек көрсетіледі.
Ерболат Темірбеков эпидемияға қарсы шараларға қатысатын қызметкерлерді қолдау шараларына жеке тоқталды.
«Пандемия басталғалы емханада екі қызметкер коронавирустық инфекциядан қайтыс болды. Осыған байланысты «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-ның облыстық филиалы қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті» – деді.
Кәсіподақ мерейтой, зейнеткерлікке шығу, бала туу, некеге тұру және басқа да оқиғаларға байланысты материалдық көмек көрсетеді.
Мәдени шараларды өткізуге ерекше назар аударылады. Жалпы, Ерболат Темірбеков атап өткендей, еңбек заңнамасы бұзылмаған, салалық келісімде қабылданған міндеттемелер орындалуда.
Қалалық емхананың бас дәрігері Ғалия Сабатаева кәсіподақтардың айтарлықтай қолдауын атап өтті. Оның айтуынша, емханада кәсіподақтар мен жұмыс беруші арасында тиімді әлеуметтік диалог бар.
Ақмола облысы денсаулық сақтау қызметкерлерінің «SENIM» жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Кәкенов өз кезегінде кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау бойынша жергілікті кәсіподақ ұйымының жүргізіп жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді.
Жергілікті кәсіподақ құрамында 20 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері бар 34 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Жергілікті кәсіподақ 34 ұжымдық шарт жасасты, 16 өндірістік кеңес пен 10 техникалық инспектор жұмыс жасауда.
Қызметкердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау нормалары денсаулық сақтау басқармасы, Ақмола облысы медицина қызметкерлерінің «SENIM» жергілікті кәсіподағы мен Қазақстандық медициналық ұйымдар альянсы арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған үшжақты өңірлік келісім негізінде бекітілген.
Жергілікті кәсіподақ мәдени іс -шаралар ұйымдастырады, материалдық және қайырымдылық көмек көрсетеді. Биыл республиканың бес шипажайында 655 кәсіподақ мүшесі сауықтырылды.
Кездесу барысында «Qaz Med» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ төрағасы Әлиақпар Мәтішев медицина қызметкерлерінің өзекті мәселелеріне яғни кадрлық әлеуетті дамыту мен еңбекақы төлеуді ұйымдастыруға тоқталды.
«Біздің ұстанымымыз – медицина қызметкерлері лайықты жалақы алуы тиіс. Біз әлеуметтік әріптестер алдында жұмыс орнында коронавируспен ауырған медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету бойынша нақты шаралар қолдану туралы мәселені көтердік. Біз медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің зейнеткерлік жасын төмендетуді (әйелдер үшін 58 жастан, еркектер үшін 60 жастан) заңнамалық деңгейде қарастыру мәселесін талқыладық. Сондай -ақ, коронавирусты жұмыс орнында жұқтыруды кәсіптік аурулар қатарына жатқызуға бағытталған заңнамалық түзетулер енгізу туралы бастама көтердік», – деді Әлиақпар Мәтішев.
Кездесуді қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қалалық емханада мен жергілікті кәсіподақтағы кәсіподақтар жұмысын жоғары бағалады.
«Ұжымдық шарт – кәсіподақ мүшелерінің өмір сүру сапасын қорғаудың және жақсартудың негізгі құралы. Біз қызметкерлерге барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек. Республикалық деңгейде әлеуметтік әріптестікке белсенді түрде қатысқаныңыз қуантады », – деп атап өтті Нұрлан Өтешев.
Сонымен қатар, ол кәсіподақ қозғалысының бірқатар басым міндеттерін атап өтті.
«Қазір кәсіподақтардың алдында кәсіподақтардың бірігуі, әлеуметтік әділеттілікке сұраныстарға нақты жауап іздеу және барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері тұр. Мұның бәрі болашақта Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауға үлкен мүмкіндіктер туғызады », – деді федерация төрағасының орынбасары.