Жұмыс орындарын сақтап қалу, жалақы мен әлеуметтік төлемдердің уақтылы төленуі, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы мен қауіпсіз жұмыс орындарын қамтамасыз ету жағдайы Қызылорда облысы Шиелі аудандық үшжақты комиссия отырысында талқыланды. Комиссия отырысына Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мақсұт Нәлібаев және «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Толыбай Жүсіпов қатысты.
Шиелі аудандық Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның атқарған жұмыстары туралы, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-де еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі мәселесі жайлы және ауданда пандемияға байланысты жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы ақпараттар тыңдалды.
Комиссия аудандағы кәсіпорындарда еңбек заңнамалары талаптарына сәйкес жұмыскерлерді өндірісте жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы шарттың жасалуы және жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілі арасындағы Ұжымдық шарттың жасалуы мен оның орындалуы барысын талқылады.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев жиында жергілікті жерлерде жұмыс жасап жатқан кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік мәселелеріне басымдық беру өзектілігін атап өтті.
Айта кету керек, ауданда ағымдағы жылдың сәуірінде еңбек қатынастары мәселелері бойынша облыстық кәсіподақтар орталығы, аудан әкімдігі және 12 жұмыс беруші мекемелермен өзара ынтымақтастық жөнінде Меморандумға қол қойылған болатын.