ХЕҰ-ның «Еңбек саласында зорлық-зомбылық пен алымсақтықты жою туралы» №190 Конвенциясын ратфикациялауға жәрдемдесу мәселелері, сондай-ақ зорлық-зомбылықты жоюдың құқықтық негіздерін нығайту перспективалары ҚР Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған халықаралық дөңгелек үстелде талқыланды.
Шараға ХЕҰ Жұмысшылар қызметі бюросының Еуропа және Азия секторының меңгерушісі Сергеюс Гловацкас, ХЕҰ Женева кеңсесінің жұмысшылармен жұмыс жөніндегі аға маманы Виктор Рикко, Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша жұмысшылар жөніндегі бас маманы Гоча Александрия, ХКК БЕАК кеңесшісі Года Невераускайте, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Азимова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі Әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Қымбат Әлиакбарқызы, сондай-ақ халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың, Өзбекстан мен Тәжікстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева өндірістегі кемсітушілік пен зорлық-зомбылық мәселелерінің өзектілігін атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстанда бұл термин нормативтік құқықтық актілерде ресми бекітілмеген.
«Зорлық-зомбылық пен алымсақтық лайықты еңбекпен үйлеспейді. Бұл адамдардың жұмысқа орналасу және жұмысын жалғастыру қабілетіне, сондай-ақ олардың физикалық және психикалық жағдайына әсер етеді. Мұндай істерді тергеу кезінде жеке көзқарас қажет», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Гүлнар Жұмагелдиева атап өткендей, жұмыс орнындағы алымсақтықты нақты және тар мағынада түсіндіру құқық бұзушылықтың бұл түрін тиімді анықтауға және алдын алуға көмектеседі.
«Кемсітушілік пен гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түрлерімен күресте шешуші рөл атқара отырып, Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне №190 ХЕҰ конвенциясын ратификациялау мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішпен жүгінді. ҚР Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімде ХЕҰ-ның 20 халықаралық конвенциясын ратификациялау мәселелері бойынша консультациялар өткізу көзделген. Қазіргі уақытта біз №190 Конвенцияның тиімділігі бойынша белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.
ХЕҰ-ның жұмысшылар қызметінің Еуропа және Азия секторының меңгерушісі Сергеюс Гловацкас дөңгелек үстелге қатысушыларға арналған алғысөзінде №190 Конвенцияны ратификациялау бойынша ҚРКФ бастамасының маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясының Конвенцияны ратификациялауға және тұтастай алғанда халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілетуге үлкен көңіл бөлуі өте маңызды. №190 конвенция өзінің мағыналық мазмұны жағынан өте кең және жұмысшыларды қорғаудың көптеген аспектілерін қозғайды», – деп атап өтті Сергеюс Гловацкас.
Осы тұста ол Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы жаңа қадамдарын жоғары бағалады.
«Біз жаңа аймақтық кәсіподақ бірлестігі – Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан кәсіподақ федерациялары арасында Орталық Азия кәсіподақтары кеңесінің құрылуын құптаймыз. Сонымен қатар, ҚРКФ делегациясының ХЕҰ-на пандемия кезінде келгендердің алғашқылары болғанын атап өткен жөн. Бұл сапар Кәсіподақтар федерациясының ХЕҰ және ХКК қағидаттары мен құндылықтарын ұстанатынын көрсетті», – деді халықаралық сарапшы.
Ол ХЕҰ-ы еңбекті қорғау, жалақы және басқа да бағыттар бойынша техникалық, консультативтік көмек көрсетуді жалғастырады деп сендірді.
ХКК БЕАК кеңесшісі Года Невераускайте Конвенция ережелерін кеңінен қолдану мүмкіндіктеріне назар аударды.
Оның айтуынша, №190 конвенция әйелдердің де, ерлердің де еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін қозғайды.
«Кәсіподақтар Конфедерациясы №190 Конвенцияны ұлттық деңгейде ратификациялауға шақыратын жаһандық науқан жүргізіп жатыр. Біз кәсіподақ күштерін біріктіріп, еңбек саласында зорлық-зомбылық пен алымсақтықтан азат әлем құрғымыз келеді», – деді Года Невераускайте.
ХЕҰ Женева кеңсесінің жұмысшылармен жұмыс жөніндегі аға маманы Виктор Рикко конвенцияның негізгі ережелеріне тоқталды.
Ол №190 конвенцияның еңбек әлеміндегі «зорлық» және «алымсақтық» ұғымдарына толық анықтама беретінін атап өтті.
«Көбінде адамдар бұл физикалық немесе жыныстық қауіп деп ойлайды, бірақ Конвенция оның экономикалық және психологиялық зорлық-зомбылық болуы мүмкін екенін білдіреді. Сонымен қатар, бұл тек гендерлік зорлық-зомбылық туралы ғана емес, сонымен қатар барлық қызмет салаларындағы барлық қызметкерлерді зорлық-зомбылық пен алымсақтықтың кез келген түрінен қорғау туралы. Мысалы, кейбір елдерде кәсіподақ жетекшілерін өлтіру орын алады, ал Конвенция халықаралық кәсіподақ қозғалысына кәсіподақ мүшелерін қорғауға мүмкіндік береді», – деді Виктор Рикко.
Ұлттық сарапшылар өз кезегінде №190 Конвенцияны Қазақстанда ілгерілету ерекшеліктерін атап өтті.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Азимова Конвенцияны ратификациялауға қоғамның, оның ішінде еңбекшілер мен әлеуметтік әріптестердің қызығушылық деңгейін арттыру қажеттігін атап өтті.
«Халықаралық құжаттарды ілгерілету кезінде Конвенцияны жанжалсыз ратификациялау және оның ережелерін ұлттық еңбек заңнамасына енгізуге қолайлы жағдай жасау үшін қоғамнан идеологиялық қолдау алу маңызды. Кәсіподақтар федерациясы Конвенцияны ратификациялау бастамашысы ретінде жұмыс берушілердің өздерімен кеңейтілген диалог пен еңбек ұжымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», – деп есептейді Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Қымбат Әлиакбарқызы биылғы жылы Бас келісімді жүзеге асыру жұмыстары басталғанын, оның аясында әлеуметтік әріптестер ХЕҰ-ның №190 конвенциясын ратификациялау бойынша консультацияларды жалғастыруға келіскенін жеткізді.
«Жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен алымсақтықты жою мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «жұмыс орнындағы алымсақтық» түсінігін енгізу, сондай-ақ жұмыскер мен жұмыс берушінің міндеттері олардың құқықтары мен бостандықтарын нақтылау мақсатында заңнамаға түзетулер жобасын әзірледі. Бұл түзетулерді биыл ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарлануда», – деді Қымбат Әлиакбарқызы.
Оның айтуынша, қазір министрлік Конвенцияны ратификациялаудың халықаралық тәжірибесін зерделеуде.
Өзбекстан кәсіподақтар федерациясының еңбекті қорғау бөлімінің меңгерушісі Нодира Гаибназарова өз сөзінде қызметкерлердің құқықтарын қорғауда жаңа құралдарды пайдалану қажеттігін айтты.
Ол ХЕҰ-ның №190 Конвенциясы бүкіл кәсіподақ қозғалысы үшін үлкен жеңіс екенін атап өтті.
«Пандемия әлемдегі кемсітушілік пен зорлық-зомбылықты күшейтті. Бейресми жұмысшылар мен еңбек мигранттарын қоса алғанда, маргиналданған азшылық топтар теріс көріністерге тап болады, бұл №190 Конвенцияны жұмысшылардың құқықтарын қорғаудың маңызды құралдарының біріне айналдырады. Кәсіподақтар дәл қазір бұл құралды пайдалана бастауы керек», – деді Нодира Ғаибназарова.
Оның айтуынша, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы қазір ұлттық заңнаманы халықаралық-құқықтық нормаларға сәйкестігін талдап жатыр.
Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының қоғаммен байланыс және халықаралық байланыстар жөніндегі әлеуметтік-экономикалық бөлімінің басшысы Джамшед Юнусов жұмыссыздықтың өсуі, табыстардың төмендеуі және осы сияқты т.б. процестерді ескере отырып, жалғасып жатқан коронавирустық пандемия аясында ХЕҰ Конвенциясының өзектілігін атап өтті.
«Өкінішке орай, бұл мәселенің ерекшелігі жұмыс берушілер тарапынан зорлық-зомбылық пен алымсақтыққа ұшыраған адамдардың оны мойындауға әрқашан батылы жете бермейді. Бұл жағынан әсіресе әйелдер осал. Қорқыту салдарынан жәбірленушілер бұл мәселе бойынша тиісті органдарға жүгінбей, оқиғаны жария етпеуге тырысады», – деді Джамшед Юнусов.
Ол қоғам зорлық-зомбылық құрбандарына әрдайым түсіністікпен қарай бермейді дей келе, кейбір атышулы істерге тоқталды.
Оның пікірінше, саладағы проблемалардың бірі құқықтық қорғау тетіктері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі.
«Зорлық-зомбылық пен агрессия кезінде өзін қалай ұстау керек және онымен күресу үшін қандай әдістерді қолдану қажет екендігін білуі үшін көбірек ақпарат беру қажет. Жұмыскерлер кәсіподақ ұйымына әлеуметтік-еңбек сипатындағы мәселелермен жүгінеді, бірақ зорлық-зомбылық немесе алымсақтық бойынша сирек келеді», – деп атап өтті спикер.
Қатысушылардың баяндамаларын қорытындылай келе, ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы кеңсесінің жұмысшылар қызметі жөніндегі бас маманы Гоча Александрия әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарын №190 Конвенцияның принциптері мен құндылықтарын бірлесіп ілгерілетуге шақырды.
Ол жұмыс берушілер бұл іске ерекше қызығушылық танытуы керек деп санайды және жұмыс берушілердің қатысуымен талқылау форматын кеңейтуді ұсынды.
«Зорлық-зомбылық салдарынан болған жан жарасы денсаулығының бұзылуына әкеліп соғады, бұл оның еңбекке қабілеттілігін төмендетеді, демек, өндіріс сапасына әсер етеді. Жұмыс берушілер өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін күш салуы керек, бірақ олар көбінесе қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас сияқты көптеген мәселелерді елемейді», – деді Гоча Александрия.
Ол өз тарапынан ҚР Үкіметіне ұлттық заңнама нормаларының Конвенция қағидаттарына сәйкестігін талдауда қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.