Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ кадрларының кәсіби біліктілігін арттыруға арналған онлайн білім марафоны жалғасуда. Бүгін марафонның тұрақты дәріскерлері Шымкент қаласы, Түркістан мен Ақтөбе облыстарындағы кәсіподақ кадрларымен кездесті.
Семинарды Федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ашып, дәріскерлерді таныстырды және марафонның кәсіподақ идеологиясын ілгері бастырудағы стратегиялық шаралардың бірі екенін атап өтті.
Семинарды әрі қарай Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Людмила Голенкова жалғастырып, Еңбек кодесі нормаларын ұжымдық шарттарда қалай дамытуға болатынын түсіндірді.
«Ұжымдық шарт – ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін, жұмыскерлердің өкілдері арқылы жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасында жасалатын жазбаша келісім нысанындағы құжат. Оның мазмұны мен құрылымын тараптар бас, салалық және өңірлік келісімдерге сәйкес айқындайды. Құжат еңбек заңнамасы, бас, салалық, өңірлік келісімдермен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын нашарлатпауға тиіс. Ол қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және міндетті болып табылады»,- деді Людмила Голенкова.
Еңбек дауларының туындау себептерінің бірі еңбек занамаларындағы олқылықтар дегенді айтып, егер олар ұжымдық шарттарда жойылса, кәсіпорында еңбек дауларының алдын алуға көмек болатынын ескертті.
Людмила Голенкованың сөзінше, бастауыш ұйымның жұмысын ұжымдық шарттың сапасымен өлшеуге болады. Солүстік Қазақстан облысындағы ұжымдық шарттардың сапасын арттыру мақсатында Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде ұжымдық шарттарға құқықтық сараптама жасау тәжірибесі қалыптасқан.
«Бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының басым бөлігі негізгі жұмысынан босатылмаған әрі екінің бірі кәсіби заңгер емес. Сондықтан оларға ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу барысында мазмұны мен құрылымы бойынша құқықтық көмек қажет. Біздің АКБ өкілдері бұл мәселеде облыстағы бастауыш ұйым төрағаларына барынша қолдау көрсетуде»,- деді ол.
Дәріскер қатысушыларға еңбек кодексінің жұмыстан шеттету, еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу мүмкіндігін шектеу, жұмыстан айырылуына байланысты берілетін өтемақы төлемдеріне қатысты баптарын ұжымдық шартта дамыту жолдарын өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтіре отырып түсіндірді.
Павлодар облысы кәсіподақтар орталығындағы Татуласу орталығының басшысы Марина Иванова болса, еңбек дауларын шешудегі облыстағы сот тәжірибесіне шолу жасады. Атап айтқанда, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды ресімдеуге, еңбек тәртіптемесіне, еңбек шартын бұзу сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Павлодардағы филиалының қатардағы қызметкері мен оның басшылығы және еңбек басқармасы арасында ұжымдық шартқа байланысты туындаған еңбек даулары бойынша заңды күшіне енген сот шешімдеріне тоқталды.
Марина Иванова облыста АКБ мен сот органдарының ұйымдастыруымен «Теориядан тәжірибеге» атты жобаның жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Оның сөзінше, жоба кәсіподақ кадрларына тәжірибелік тұрғыдан үлкен көмек болмақ. Себебі жоба аясында облыстық және қалалық сот өкілдері даулы істерде қолданылған заңнамаларға түсінік береді. Сонымен қатар, ол өзі сөз еткен ұжымдық шартқа қатысты сот ісін «Сот кабинеті» ақпараттық сервисінен көріп білуге болатынын хабарлады.
Семинарды қорытындылаған Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «кәсіподақтық онлайн білім марафоны– кәсіподақтық білім қазынасы. Себебі әр лектордың дәрісі күнделікті тәжірибеге негізделген және олар ұдайы жаңа мысалдармен толықтырылып отырады» дегенді айтты.
Бұдан әрі ол семинар қатысушыларын федерацияда халықаралық қатынастарды дамыту бағытында болған соңғы жаңалықтардан құлағдар етті. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан кәсіподақтары федерацияларының Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесін құрғанын, кеңеске Түркіменстан, Қырғызстан және Моңғолия кәсіподақтарының да қосылуына ұсыныс жіберілгенін жеткізді. ҚРКФ төрағасының бастамасымен ХЕҰ және ХКК-мен қарым-қатынас орнатылғанын айтты. Сонымен қатар, келесі жылдың қаңтар айында басқа да ұлттық кәсіподақ орталықтарымен кездесулер жоспарланғанын атап өтті. Қазір Бас кеңес отырысына дайындық жүріп жатқанын, онда тұңғыш рет федерацияның және оның бірқатар құрылымдық бөлімшелерінің биылғы жылғы есептері тыңдалғалы отырғанын хабарлады.
«Бұл федерацияның жарғысында және басқа да құжаттарында қарастырылмаған және бұрын-соңды болмаған жаңа тәжірибе. Кейін дәстүрге енгізіледі. Жыл қорытындысы бойынша есеп беру ҚРКФ-ның ашықтық пен жариялылық саясатына көшкендігінің тағы бір дәлелі»,- деді Нұрлан Өтешев.
ҚРКФ төрағасының орынбасары сөзінің соңында федерацияның кәсіподақ кадрларының кәсіби біліктілігін арттыруда халықаралық ұйымдарымен бірлескен жобаларды қолға алғалы отырғанын хабарлады. Бүгінгі пайдалы дәрістері үшін ҚРКФ атынан лекторларға алғыс айтып, қатысушыларға АКБ-і арқылы өздеріне қажетті тақырыптар бойынша ұсыныстар беруді сұрады.