Орталық кеңестің пленум отырысы өтті

Шымкент қаласында “Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің ІІІ Пленумы өтті. Пленумға Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Сұлтан Қалиев, Қазақстанның Еңбек ері, «Теңішевройл» ЖШС-нің менеджері Руслан Қуатов, “Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, “Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, өңірлік салалық кәсіподақтардың төрағалары мен өкілдері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде салалық кәсіподақ қозғалысын ілгерілету, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастары жүйесін дамыту, жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру, кәсіподақтың ішкі қызметін жетілдіру, әлеуметтік маңызы бар акцияларды ұйымдастыру бойынша бірқатар іс-шаралар жоспарға енгізілді.

Пленумда сөз сөйлеген “Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев салалық кәсіподақтың жұмысына сәттілік тілеп, еңбек құқығын қорғауда кәсіподақ рөлінің маңызы ерекше екенін атап өтті.

“Кәсіподақ ұйымдары қызметінің тиімділігі, олардың жағдайын, ұйымдағы міндеттерді шешу көбінесе ұжым мен кәсіподақ мүшелерінің белсенділігіне байланысты. Алда үлкен міндеттер, жауапты жұмыстар бар екен. Тек қана жасампаз еңбектің, ынтымақ-бірліктің арқасында ғана іске асатын жұмысқа сәттілік тілеймін. Кәсіподақтардың алар асуы биік болсын!” – деді Бауыржан Ілімшеұлы.