Шалқар ауданындағы Қорғантұз жалпы орта білім беретін мектебінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында «Зорлық-зомбылыққа қарсымыз» тақырыбында пікірсайыс өткізілді.
Алдымен білім ордасының бастауыш кәсіподақ төрағасы С.Умбеталин «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбында баяндама оқыды. Ол өз баяндамасында қоғамда орын алып отырған зорлық-зомбылық түрлері, оның себептері мен салдары, қоғамның оған қарсы қолданатын әрекеттері бойынша толық мағлұмат бере отырып, жалпы әлемдегі, Қазақстан Республикасындағы зорлық-зомбылықтың статистикалық деректерінен мысалдар келтірді.
Пікірсайысқа кәсіподақ мүшелерінен құрылған екі топ қатысты. Олар зорлық-зомбылық түрлерінің орын алу факторлары, олармен жүргізіліп жатқан күрес түрлері туралы қызу пікір алмасты. Шара барысында ата-баба дәстүріндегі әйелді, қыз балаларды сыйлау, оларға көрсетілетін құрмет түрлері сөз болып, ұлттық дәстүріміз бен қазіргі заманғы гендерлік теңдік саясатының өзара үйлесімділігі жайлы айтылды.
Шара соңында ұжым мүшелеріне зорлық-зомбылықтың алдын алу, оған қарсы күрес жөнінде ақпараттар мен статистикалық деректер жазылған үнпарақ таратылды.