“Парыз” және “Алтын сапа” байқауларының қорытындысы шығарылды

2021 жылғы 7 желтоқсанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” конкурсының және “Алтын сапа” конкурсының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бейнеконференция байланысы режимінде салтанатты марапаттау рәсімінде сөз сөйледі: “Бүкіл ел бойынша 1500 жаңа өндіріс іске қосылды. Осы мақсаттарға 9 трлн. теңгеден астам инвестиция салынды, 220 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің экспорты үш есеге өсіп, 15,4 млрд. долларға жетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда қайта өңделген өнім 131 елге экспортталады”, – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.

“Парыз” конкурсына қатысушылар әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық акцияларына 20 млрд. теңгеге жуық қаражат салды, 7 мың жаңа жұмыс орны құрылды.

Салтанатты марапаттау рәсіміне Павлодар облысының әкімі А.Сқақов, Павлодар облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Д.Айтжанова, мемлекеттік органдардың басшылары, өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары, Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары қатысты.

Республикалық “Парыз-2021” бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының “Үздік ұжымдық шарт” номинациясы бойынша лауреаты атағы Павлодарлық “ERG Service” ЖШС кәсіпорнына берілді.